«Алтын таға» базарында сапалы әрі экологиялық таза өнім сатылады - Ақмола облысы
2017 жылғы 29 мамыр 11:09

«Алтын таға» базарында сапалы әрі экологиялық таза өнім сатылады - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында азық-түлік, тұрмыстық заттар және мал сатылатын әмбебап «Алтын таға» базарынан Ораза айы кезінде сапалы әрі экологиялық таза өнім сатып алуға болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астананың іргесіндегі Қосшы ауылының маңында орналасқан «Алтын таға» сауда кешенінің аумағы 1 650 шаршы метрді құрайды. Онда тек сауда павильондары ғана емес, ветеринарлық зертхана, қасапхана, шұжық цехы, тоңазытқыш камерасы, көкөніс және жеміс-жидек қоймасы бар. Оған қоса, 2500 қой-ешкі, 300 бас ірі қара мен жылқы түлігін қамап ұстайтын 15 ашық мал қорасы да қарастырылған.
Сауда кешенінің өкілдерінің айтуынша, мұндай базар елімізде тек Жамбыл облысының Қордай кентінде ғана бар. «Алтын таға» базарында көкөніс, жеміс-жидек, ет және ет өнімдері, балық, сүт және сүт өнімдері, арпа, тұрмыстық химия және күнделікті тұтынатын тауарлар сатылады.
Шұжық цехында ет өнімдерінің сүрленген, жартылай сүрленген тәрізді 50 түрі шығарылады. Цехтың қуаты тәулігіне 2 тонна ет өнімдерін құрайды. Сондай-ақ, көкөніс және жеміс-жидек қоймасында 1 000 тонн өнім сақтауға болады. Қойманың іші салқындатқыш, белгілі бір ауа температурасын ұстап тұру үшін қажетті қондырғылармен жабдықталған.
Оған қоса, сауда орнында сырттан келген саудагерлер үшін жатақхана, 100 орындық асхана және 200 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. «Алтын таға» базары тас жолдың бойында орналасқандықтан әрі бейнебақылау камерасымен жабдықталғандықтан ауыл шауашылығы тауарларын өнідірушілер үшін өте қолайлы. Осы сауда орны арқылы елорда тұрғындары мен астаналық елді мекендердегі халық сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуда.

Jańalyqtar

MURAǴAT