Алтын Орда дәуіріне жататын «Қызыл Оба» қорымынан жаңа жәдігерлер табылуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Алтын Орда дәуіріне жататын құнды ескерткіш – «Қызыл Оба» қорымында археологтар жаңа жәдігерлер тауып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Уәлиханов ауданындағы «Қызыл Оба» қорымында қазба жұмыстарын жалғастыруға жаздың басында археологиялық экспедиция аттанды. Мамандар ол жерде күн суытқанша еңбектенбек. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі де жоқ емес.

«Қызыл Оба» қорымында биыл да археологиялық жұмыстар жалғасып жатыр. Мазарды толық тазарттық. Археологиялық зерттеу кезінде мазардың жанынан тұғырбет (стилобат) табылды. Алаңның аумағы 10 және 20 метр шамасында. Оны адамдарға мазар ішіне кіріп сыйынуға мүмкін болмаған жағдайда қасына орнатқан. Яғни мазар шағын, оған көп адам сыймағандықтан, сыртына осындай тұғырбет қойылған. Мұндай тұғырбет Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде де бар», - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов.

СҚО-ны кешенді дамыту жоспары аясында «Қызыл Оба» қорымын музейге айналдыру міндеті тұр.

«Бүгінде бұл жұмыстар басталып кетті. Қазір іргетасы қаланып жатыр, үстіне конструкция орнатылады. Бұл не үшін қажет? Ең алдымен Қызыл Обада жылдың кез-келген уақытында зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргідей қысқы уақытқа жауып, күн жылынғасын қайта қазып ашпайтын боламыз.

Туристерді тартуға да қолайлы болады. Биыл өңірде археологиялық туризм жобасын жүзеге асырдық. Пандемияға байланысты келген адам саны шектеулі болды. Соның өзінде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта 200-ге жуық адам болды», - Рахат Мәмбеталинов.

Естеріңізге салайық, Қызыл Оба қорымын ғалымдар 2019 жылы ашты. Оның аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 7 мазар орналасқан. Оның ең үлкені ашылды. Қазба кезінде 4 күміс монета және алтын сырға табылды.

Өзбек хан тұсында Алтын Орда шарықтау шегіне жетті. Тарихшылардың айтуынша, Өзбек хан өмірінің соңына қарай Сарыарқаның солтүстігін аралап, мазарлар салған екен. Өзбек хан 1342 жылы қайтса, бұл монеталар 1337 жылға жатады.

Қазір археологтар қорымның 1 мың шаршы метрін зерттеді.


Соңғы жаңалықтар