Алтын құймалар Алматы, Атырау және елордада көп сатылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Наурыз айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері жалпы салмағы 167,2 кг болатын 8269 құйма сатты, бұл - 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (48,2 кг 2 898 құйма) 3 есе көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап.
«Сатылымның ұлғаюына халықтың алтынға инвестиция құюға қызығушылығы артқаны ықпал етіп отыр. Себебі, қаржы нарығындағы белгісіздік пен валюта бағамы құбылмалы болып тұрған шақта көпшілік бұған жинақтарының сақталуын қамтамасыз етудің баламалы құралы ретінде қарайды»

делінген ҚҰБ ақпараттық хабарламасында.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3 тоннаға жуық 87531 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында осы 10 грамдық құйманың үлесі – 27% немесе 23390 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие - 18178 дана (21%). Ал, 100 грамдық құймадан 18034 дана (20%), 5 грамдық құймадан 16834 дана (19%), 50 грамдық құймадан 11095 дана (13%) сатылды. Ұлттық банк мәліметінше, Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.

«Алтын құймалар - сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пункттері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады»

, - деп жазылған хабарламада.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 303,3 келі 12367 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 14%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

«Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қораппен шығарылады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғаныш қорабы - сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз»

, - дейді ҚҰБ өкілдері.

Айта кетейік, алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Еске салсақ, ҚҰБ ішкі нарықта қолма-қол шетел валютасы жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ, ҚҰБ төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин Парламентте республикалық бюджетті талқылау кезінде теңгенің айырбас бағамының күрт ауытқуын шектеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

Ол сонымен бірге, биыл Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай анағұрлым күрделі болатынын да жеткізді.

Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың көбейгенін де ескертті.



Соңғы жаңалықтар