«Алтын қалам» байқауына - 10 жыл: Жаңа кезеңге шығармалар қабылдана бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл «Алтын қалам» әдеби жүлдесіне 10 жыл толып отыр. Жаңа маусымға жұмыстар 15 наурыздан бастап қабылданып жатыр. Үміткерлер жұмысын 15 қыркүйекке дейін жібере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған туындылар қабылданады. Оқырмандар қазан айының 1-не дейін дауыс бере алады.

Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:

1. ДАРАБОЗ. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы

2. Жылдың үздік поэзиясы

3. Жылдың үздік прозасы

4. Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы

5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы

6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы

7. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық қазақ тілінде жазылған үздік романға беріледі.

Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. akalam.kz сайтындағы онлайн-дауыс беру 6 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң, әр аталым бойынша 5 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп дауыс жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай байқау барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.

Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлде - 1 000 000 (1 млн) теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына бұйырады. Сонымен қатар, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына - 1 000 000 (1 млн) теңге беріледі. Қаржылай сыйлықтарды «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр.

«Алтын қалам 2019» жеңімпаздарының есімі күзде өтетін марапаттау шарасында жарияланады.

«Алтын қалам» жүлдесі 2009 жылы алғаш рет ұйымдастырылды. Әрине, ол кезде байқаудың 10 жылдығын атап өтеміз, байқау жыл сайын өтетін дәстүрлі бәйгеге айналады деп ойлаған жоқпыз. Алыс-жақын шетелдік авторлар өз шығармаларын жөнелтіп, «Алтын қаламға» қызығушылық танытады деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірмеген. Кітап дүкендеріне кіргенде байқау жеңімпаздарының кітаптарын көріп, марқайып қаламыз. «Алтын қалам» халықтық бәйгеге айналғанын, авторларымыздың құрметке бөленіп жатқанын мақтан тұтамыз», - дейді «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.

Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің [email protected], [email protected] электрондық пошталарына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті жүлденің ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта жарияланады.

«Дарабоз» байқауына 11 жыл ішінде шамамен 1000 автор қатысты. Үздік шығармалардан жинақталған «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Жарық көрген кітаптар еліміздегі мектептерге және кітапханаларға тегін таратылды. Бұл жинақтар оқушылар мен ұстаздарға, тәрбиешілер мен ата-аналарға және жалпы оқырман қауымға арналған. Бұл байқау 2017 жылдан бері «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында өткізіле бастады.

Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарамайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сәтпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын. Олар еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде үлес қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал етуді мақсат етті. Кейін ұйымдастырушылар қатарын елімізге белгілі тұлғалар Арман Шораев, Нұржан Мұхамеджанова толықтырды.

Алтын қалам байқауының былтырғы жеңімпаздары туралы мына сілтемеден оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар