«Алтын доп» иегері Карим Бензема «Реал Мадрид» клубынан кетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испаниялық «Реал Мадрид» клубының шабуылшысы Карим Бензема маусым соңында командадан кетеді. Енді франциялық футболшы Сауд Арабиясының «Аль-Иттихад» командасында ойын көрсетеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, оған жылына 100 млн евро еңбекақы ұсынылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

«Реал Мадрид» шабуылшысы биылғы маусым соңында аталған клубтан кетеді. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Футболдағы жоғары жүлденің бірі - «Алтын доп» иегері және бес дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы Сауд Арабиясында кем дегенде екі жылдай «Аль-Иттихад» клубында ойын көрсетеді. Спорттық БАҚ дереккөзге сілтеме жасай отырып, Таяу Шығыста француз футболшысына жылына 100 млн евро еңбекақы ұсынылғанын жеткізді.

Карим Бензема «Реал Мадрид» клубында 2009 жылдан бері үзіліссіз 14 маусым ойын көрсетті.

Қазір Сауд Арабиясының «Ан-Наср» клубы намысын португалиялық форвард Криштиану Роналду қорғап жүр.

Журналистер сол мемлекеттің Эр-Рияд қаласы атынан сынға түсіп жүрген «Аль-Хиляль» клубына аргентиналық Лионель Месси ауысуы мүмкін екенін атап өтті. Ол өткен аптада Францияның «Пари Сен-Жермен» клубымен қош айтысты.


Соңғы жаңалықтар