Алтын белгіге үміткерлердің 98% өз білімдерін растады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов 2017-2018 оқу жылының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы оқу жылында елімізде 147 023 түлек орта мектеп бітірген.

«Қазіргі уақытта еліміздің 7 мыңнан астам мектептерінде 2 млн 900 мың оқушы оқиды. 2018 жылдың 29 мамыр - 9 маусымы аралығында барлық мемлекеттік емтихандар тапсырылып, маусымның 15-і күні аттестаттар берілді. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болған 6892 оқушының 6780-і, яғни 98,4% өз білімдерін растап, төсбелгілермен марапатталды. Үздік аттестат бойынша - 4 966 баланың 4915-і, яғни 99 пайызы «Үздік аттестат иегері» атанды», - деді Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, республика бойынша мектеп бітірушілердің 70%, яғни 102 мыңы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 15-ші рет ұйымдастырылғалы отыр. 15 жылда ҰБТ-ға қоғам да, мектеп те үйренді деп айта аламыз. Биыл тестілеуді өткізу форматы еш өзгерген жоқ. Сұрақтардың 50 пайызға жуығы жаңартылды. Соның ішінде функционалды сауаттылықты анықтауға бағытталған сұрақтар да бар. Себебі, құрғақ фактілерден біртіндеп алшақтап, баланың нағыз білімін анықтауымыз керек», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Айта кетейік, 2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым - 1 шілде аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар