«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Бакуге келді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжан астанасы Баку қаласында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әзербайжан тарихы ұлттық  музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды. 

 Көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев қатысты. 

«Бүгінгі көрменің басты жәдігері «Қазақстандық Тутанхамон» атанып кеткен «Алтын адам» болып табылады. Алтын адам Қазақстанның тарихи-мәдени құнды жәдігері болып табылады», - деді Бейбіт Исабаев.

 Өз кезегінде Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Севда Мамедали«Бізді ортақ тамыр, ортақ дәстүр, ортақ мәдениет жақындастырады. Бұл жақындық біздің көшбасшымыз Гайдар Алиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ байланысының нәтижесі. Дәл сол байланысты, тату көршілікті қазіргі президентіміз Ильхам Алиев мырза да жалғап келеді», -деп екі ел арасындағы саяси байланыстың да мығым екеніне тоқталды.

Айта кетейік, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары - Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді. Жүзеге асыру мерзімі: 2018-2021 жылдар.

Айта кетейік, бұған дейін «Алтын адам» Мәскеу көрмесіне және Қытайдың Шиян қаласындағы көрмеге қойылған болатын. 

           

Соңғы жаңалықтар