«Алтын адам» Ташкентте өтетін көрмеге қойылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейі 11 сәуірде Ташкент қаласындағы Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық музейдің баспасөз бөліміне сілтеме жасап.

Көрменің мақсаты - Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы - «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация жасалды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Елтаңбаның бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Күні бүгін бұл жоба әлемнің бірқатар елдерін - Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Корея мемлекеттерін табыспен аралап оралды. «Алтын адамның» шеруін сол елдерде миллионнан астам көрермен тамашалады.

Жалпы алғанда жоба үш жыл көлемінде жүзеге асатын болады, көрме 2020 жылдың аяғына дейін жер шарының жиырмаға жуық елінде болып қайтады. Биыл Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде өткізу жоспарланған. Келесі жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі.
null

Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.
null

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі сына жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.
null

Көрмеге ҚР Ұлттық музейінің қорынан барлығы 106 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары - бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының есімдері атаусыз қалған шеберлері жасаған туындылардың аз ғана бөлігі.

Көрмеге Өзбекстан мемлекетінің ғылым мен зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылық көптеп қатысады деп күтілуде. Іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай өткізіледі.
null

Оны Ұлттық музей директорының м.а Алмаз Нұразхан мен Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева ашады деп күтілуде. Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады, шараға екі мемлекеттің ресми делегациясы өкілдері мен қазақстандық және өзбекстандық ғалымдар қатысады.

Соңғы жаңалықтар