«Алтын адам» әлемнің 12 елін аралап шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық музейде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорытынды баспасөз мәслихатына Түркия, Ресей, Өзбекстан, Малайзия елдеріндегі музей басшылығындағы өкілдер қатысты.

Жобаның мақсаты – «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адамды» әлемнің танымал музейлерінде көрсете отырып, шетелдік көрерменді халқымыздың ежелгі тарихы, бай мәдениеті және қайталанбас өнерімен таныстыру. Халықаралық жоба Ресейдегі «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінен бастау алып, одан кейін «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі болып Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия, Грекияның жетекші музейлерінде жалғасты. Қазақстанның символына айналған «Алтын адам» үш жылдың ішінде 12 елде көрсетілді.

Көрмеге қойылған жәдігерлер – дала өркениеті мен көшпелі империяның ұлы жеңістерінің куәсі. Алтын жапсырмалармен тігілген киімдегі «Алтын адамның» реконструкциясы көрменің негізгі экспонаты ретінде қойылды. Көрме атбегілік мәдениеттің қалыптасуын, ежелгі металлургияның дамуын, сақ кезеңіндегі аң стилінің даму ерекшеліктері мен сабақтастығын, Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қалалық мәдениетінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты танытты.

«Археология саласында еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдай болып қалды. Көрмені қабылдаған кезде қатты қуандым. Себебі, Ұлы даланың, Еуразияның мұрасы мен көшпелі мәдениетке қызығушылығым бұрыннан бар. 2017 жылы сақтар туралы көрмені тамашаланғанмын. Сол кезде Еуразияның мәдени мұраларын өз музейімізде көрсетсек керемет болар еді деп ойладым. Іздегенге сұраған – Балқан аймағына Қазақстан тарапы көрмемен келді. Көрме келерде бізден алыс жатқан мәдениет көші елімізге аяқ басты деп ойладық. Бірақ, біздің құндылықтардың көшпелі мәдениетке жақын тұстары өте көп екеніне көзіміз жетті», - деді елордада өткен баспасөз мәслихатында Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық қорық-музейінің директоры Горан Санев.

Қорытынды баспасөз мәслихатында белгілі қазақстандық археолог-ғалым, Қазақстанның ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Кемел Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына орай деректі фильм көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар