«Алтын адам» Афина жұртшылығына көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Грекия астанасы Афинада «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейге сілтеме жасап.

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 11 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.

Көрменің ашылуы қарсаңында Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен Баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Қазақстанның Грекия Республикасындағы елшісі Алексей Волков, Ежелгі және мәдени мұраның Бас директоры Поликсени Адам-Велени, Афинадағы Эпиграфиялық музейдің директоры Атанассиос Темос, ҚР Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Шайкенұлы Нұразхан, т.ғ.д., профессор Зайнолла Самашұлы Самашев қатысты.

Сонымен қатар шара барысында белгілі археолог, т.ғ.д., профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі Зайнолла Самашев «Ежелгі сақтардың Қазақстандағы мәдени кешені» атты дәріс оқыды.

«Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрмелік жобасы әлемді аралап келеді. Грекия - Қазақстанның тарихи – танымдық көрмесін тамашалап отырған он екінші мемлекет. Елімізді әлемге таныту мақсатында осы көрме жобасы бойынша бағдарлама ұсынған Елбасы Н. Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Бүгінге дейін Қазақстанның өңірінен табылған алтын адамдар біздің еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтар болып табылады. Көрме жұмыстарына қолдау білдіргені үшін Грекияның Мәдениет министрлігіне, Афина қаласының Эпиграфиялық музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер», - дедіҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті.

Афина эпиграфиялық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 144 зат ұсынылды. Көрмеге қойылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Соңғы жаңалықтар