Алты жүз алматылық велошерудің көрігін қыздырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында бесінші бұқаралық велошеру өткізілді. Сайыс Халықаралық ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күнінде арнайы ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда бұл жолы 600-ге тарта әуесқой Әл-Фараби даңғылынан ҚР Тұңғыш Президенті бағына дейінгі 9 шақырымды бағындырды.

Барлық қатысушыларды мәреде ұйымдастырушылар тіккен сыйлықтар күтіп тұрған еді. Сыйлықтардың арасында велосипедтер де болған. Сыйлықтардың бірін велошеруге тұрақты түрде қатысушылардың бірі Анастасия Ефременко жеңіп алды.

«Біздің қалада осындай велошерудің ұйымдастырылып тұратынына қатты қуаныштымын. Велосипед тепкенді бала кезден ұнатамын. Жүлдеме көңілім толып тұр. Ұйымдастырушыларға көп рахмет», - дейді жеңімпаз.

Велошеру ішектің қабыну ауруларына шалдыққан адамдарды қолдау мен оларға көмектесу Қоғамдық қорының, «Такеда Казахстан» мен «Альпен Фарма» компанияларының қолдауымен өткізіліп отыр.

Еске сала кетсек, «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өткізілген аталмыш велошеру сан жағынан биыл жоспарланып отырған 21 сайыстың бірі.

Сонымен қатар, велошеру қоғам назарын қазіргі замандағы уақтылы диагностика, дұрыс емделу, ішектің қабыну ауруларына шалдыққан пациенттердің өмір сапасын жақсарту мәселелеріне аударту мақсатында өткізілуде. Жыл сайын әлемнің 38 елінде ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күні аталып өтеді.

Соңғы жаңалықтар