Алты жасымда қазақ мектебіне барамын деген шешімді өзім қабылдадым - Самал Еслямова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова өзінің балалық шағы мен әртістік жолы туралы айтып берді. Бүгін жас әртіс Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлымен кездесті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі Аққайың ауданы Аралағаш ауылында дүниеге келдім. Сол жерде өсіп, мектепке бардым. Менің анам орысша сөйлегеннен кейін мені орыс мектебіне бергісі келді. Бірақ мен алты жаста болсам да, қазақ мектебіне барамын деп айттым. Әкем барсын деді, өзім көмектесемін деп шықты. 90-жылдары қиын болды ғой. Әлі есімде, мектепте пеш жақтық. Сонда мұғалімдердің берген білімі мен тәрбиесін ешқашан ұмытпаймын. Оларға мың да бір алғыс айтқып келіп отыр. Сөйтіп, қазақ мектебін бітіріп, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне түстім. Сол кезде қазақ театрының көркемдік жетекшісі әртістік курс ашып, қазақ тілінде білім беруді қолға алды. Мен аталған курсты бітірдім. Сонымен қатар театрда жұмыс істеп жүрдім. Негізі, мен журналист болуды армандағанмын. Бірақ бұл бұйрық шығар, әртістік жолға түстім", - деді С.Еслямова.

nullСамал "Тюльпан" фильміне түскеннен кейін Мәскеуге барған. Сол жерде Ресейдің театралдық өнер академиясына (ГИТИС) түсті. 


"Колледжден кейін жоғары білім керек қой. Содан мен Мәскеу академиясына түсуге бел байладым. Оны аяқтағаннан кейін Сергей Владимирович мені екінші картинасына шақырды. "Айка" фильмі алты жыл бойы түсірілді. Сөйтіп, Канн фестивалінде жеңімпаз атандық. Еліме, жеріме өз алғысымды айтқым келіп отыр. Сіздерге көптен-көп рақмет! Бірнеше күннен бері өте көп құттықтаулар келіп жатыр. Халықтың ынтасын, ықыласын сезіп жатырмын. Мен үшін бұл - үлкен бақыт. Халқыма мың алғыс!", - дейді С.Еслямова.

nullРежиссер Сергей Дворцевойдың айтуынша, "Айка" фильмі бір-бір жарым айдан кейін дайын болады. Ал әлемдік прокат күзде басталады. "Канн фестивалінде бізге жартылай дайын материалды көрсетуге рұқсат берді. Соның өзінде Самалдың әртістік өнері әділқазылар алқасын таңғалдырды", - деді С.Дворцевой.  

Айта кетейік, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-інші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жеңімпаз болды. Аталған марапатты ол ресейік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасындағы рөлі үшін алды. Фильмде Мәскеуге жұмысқа барған қырғыз қызының тағдыры жайында баяндалады. Бүгін Самал Еслямова Астанаға ұшып келді. Әуежайда актрисаны қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың «Қазақстан» атты өлеңіне жазылған әнмен қарсы алды. «Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың», деп ән салған жастардың кейбірі ұлттық нақыштағы киім киіп келген. 

Соңғы жаңалықтар