Алты жасар балаға арақ ішкізген кім? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Алты жасар балаға арақ ішкізген кім?- «Дидар« газеті

Газеттің мұндай мәселе көтеруіне де себеп бар. Өйткені, интернет сайттардың бірінде «Шығыс Қазақстан облысында алты жасар бала наркодиспансерде есепте тұр» деген ақпарат тарап кеткен. Мәселенің анық-қанығын білу үшін «Дидар» газетінің тілшісі аталған орталыққа барып, мән-жайға қаныққан екен. Жазуынша, ондағы жағдай мүлдем басқаша.

«Біріншіден, «аты шулы» алты жасар бала наркологиялық диспансерде осыдан үш жыл бұрын емделіп шығыпты. Әуелі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген баланың жағдайы туралы орталыққа полиция қызметкерлері хабар берген көрінеді. Тексеру барысында оның ішімдік ішкені нақтыланған. Бұл жағдайдың бұрын да әлденеше рет қайталанғанын әңгіме барысында кейіпкердің өзі де растаған екен. Екіншіден, балақайдың маскүнемдікке салынған дәнемесі жоқ. Балалар дәрігері Манап Қалиевтің айтуынша, алкоголизм диагнозы қойылғанмен, бала ащы суға тәуелділікке ұрынбаған. Бұл бар болғаны ата-ананың салғырттығынан туындаған келеңсіздік көрінеді» деп жазады газет.

Мақалаға қарағанда, баланы мамандар ай сайын бақылауда ұстаған. Кейін жағдайы жақсарғандықтан «тәуекел тобынан» босатылған. Әйтсе де, осыған ұқсас оқиға облыста екінші рет қайталаныпты. Бұған дейін Риддер қаласында ащы суға масайған жеті жасар бүлдіршін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер осыған ұқсас жағдайда орталыққа келіп түсетін жеткіншектер саны азаймай тұрғанын айтыпты, тіпті соңғы бес-алты жылда бұл көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемеген.

«Бастапқыда орталыққа тек ішімдік пен шылымға әуес жасөспірімдер қаралуға келетін. Бертін келе мектеп оқушыларының арасында насыбайға әуестік пен токсикомания белең ала бастады. Онымен де күресіп жатырмыз. Есірткілік заттарға ұрынғандар да болды. Қазіргі уақытта парагенератор деген шықты. Оны көбісі «электронды шылым» дейді. Бірақ ол - көзалдау. Шындығында, ол қалтадағы кальян. Құрамында наша қоспалары бар. Осылардың бәрі жасөспірімдердің денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын қайтерсіз».

Салқам Жәңгiр ханның ерен жеңiсi: аңыз бен ақиқат - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null

Биыл қазақ халқының есінде ерекше сақталып, батырлар ерлігі аңызға айналған алапат айқастардың бірі - Орбұлақ шайқасының 375 жыл. Сосын Орбұлақ шайқасы «Салқам Жәңгір 600 жауынгерімен 50 мың жоңғар қолына қарсы екі күн төтеп берді» деген аңызға айналғанымен ерекшеленеді. Осыған орай, газет әйгілі соғыстың қалай болғанына тарихи тұрғыдан зерделенген мақаланы ұсынған екен.

Мақалада Жоңғар хандығының құрылуы, оның атауының шығу төркіні туралы айтылып, Жәңгірдің қолбасшылық қасиеттеріне назар аударылады. Сол кездегі жоңғарлардың Жетісуға жорығы туралы тарихи оқиғаларға тоқталып, Ресей елшілерінің қалдырған жазбаларын алға тартады.

«Жәңгір Батыр Қоңтайшы жорығының мерзімі мен жасағының санынан хабардар болғаны анық. Оған дәлел - Батыр Қоңтайшыға қарсы тұратын ыңғайлы жерді сәтті таңдауы. Ол жоңғарларға бөгет жасауды ғана емес, таулы жерді пайдаланып, жауға соққы беруді де ойластырды. Себебі, тар өткелден өту саны тым көп жоңғарларға қолайсыздық туғызатынын білді. Бұл - соғыс өнеріне жетік қолбасшының ғана жасай алатын тактикасы. Жаудың жолын кесу үшін білтелі мылтықты мықты қолдана алатын әрі отұшпа зеңбіректі шебер меңгерген 600 мергенді таңдап алады. Тым тар тау шатқалының арасынан қаздырған үш шақырымға жуық орға (окоп - Б.А.) 300 мергенін қалдырып, өзі қалған әскерімен таудың арғы бетінде тығылып отырады. Жәңгір осылайша қазақ тарихында тұңғыш рет ор қазу әдісін қолдана отырып, саны бірнеше есе көп жауға бетпе-бет тұрған».

Бақсақ, тұңғыш ор қазу ғана емес, Жәңгір жоңғарларды сасықтеке түтініне ұрындыру тәсілін де пайдаланыпты. Мәсалы, улы сасықтеке гүлінің түтінін тарататын ұсталарды «сүлік» деп атаған екен. «Сүлік» ұсталар жеке жасақ құрып, жауға шабарда садақтары мен найзаларының ұшын уға малып отырған.

«Бұл тапсырманы ерекше мерген, найзагер, қылышкер сарбаздарға бөліп беріп, олардың қарудан уланып қалмауын қадағалаған. Шайқаста улы шөптердің түтінін пайдаланғанда желдің қай жақтан соғатынын есептеп, өздері ешкі майына батырылған (ешкі майы уды өткізбей, тоңып қалады екен - Б.А.) матамен тұмшаланған. Улау және бас айналдырып, ұйықтататын «ұйқымалым сірне» әдісін қолдану арқылы жауды есеңгіретіп, күйрете соққы берген» деп жазады автор.

Мақалада бұдан бөлек, Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы туралы да деректер берілген. Жазуынша, өзбек және парсы тарихнамасында Жалаңтөс Баһадүрдің тұлғасы кеңінен көрініс тапқан екен. Оларда Жалаңтөс Баһадүрді Бұхара хандарына, әсіресе Имамқұли ханға қызмет еткен даңқты қолбасшы, Самарқан қаласын гүлдендірген, атақты Регистанды, сондай-ақ Шердор, Тилля Қори медреселерін салдыртқан саяси қайраткер ретінде көрсетеді. Әкесі де, өзі де тарихат жолындағы діндар болған.

Сонымен қатар, мақалада қазақтардың білтелі мылтық пен зеңбіректі игеруі туралы мәселелерге де шолу жасалып, Салқам Жәңгірдің зираты туралы тұспалды ойларымен бөліседі.

Байқаңыз, балаңыз киллер емес пе? - «Жетісу» газеті
null

Мақалада әлеуметтік желіде кеңінен таралған атыс-шабыс ойындарының жастарды баурап алғанына алаңдаушылық білдіріліпті. Айтпақшы, мақалаға бір жағынан жақында Талдықорғанда өз анасын қылқындырып өлтіріп, пышақтаған жасөспірімнің қылығы да сеп болғандай.

Талдықорғандағы бұл оқиға бүкіл елді дүрліктірген. Бәрі компьютердегі ойыннан деп топшалаған. Ары қаарйғысы әлі де анықталып жатыр. Бірақ, жасөспірімдердің бұлай бүлінуі бір Талдықорғанда ғана емес. Мәселен, Шымкентте бір үйлі жанды - өзінің досын, оның 2005 жылғы бейкүнә інісін, анасын өлтірген жасөспірімнің бар көздегені досының жақында сатып алған қымбат компьютері болып шыққан.

Тілші «осының бәріне ойын кінәлі» деген түйін жасайды. Интернеттің әлеуметтік мінез-құлық салдарын шолып шығады.

«Енді мың жерден шектеу қойсақ та компьютерлік ойындарға тыйым сала алмаймыз. Бұл - бизнестің бір тармағы. Оны жабу мүмкін емес. Бизнесіне мүдделі қалталы жандар оған ырық бермейді де. Біздің ендігі мұрат дәл сондай, бірақ адам өлтіруге, зорлық-зомбылыққа итермелейтін ойындар емес, керісінше, ұлттық патриотизмді қалыптастыратын, ұлттық ойлау жүйесіне, қазақы қалыпқа негізделген, иман, ибаны серік еткен, жығылғанға жебеу, сүрінгенге сүйеу болатын, қоғамдағы адам баласына қауіпті кесепаттармен үнемі күресіп, сол жолда жеңіске жетіп, ел құрметіне бөленетін ізгі кейіпкерлерді арқау еткен, балаларды салауатты өмір салтына үндейтін ойындар ойлап тауып енгізу. Мұндай ойындарды жасау қазір қиындық туғызбайды. Тек мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп, бақылауға алынса болғаны».

Тіркеуде - 3200 псевдосалафилер - «Атырау» газеті


«Атырау» газетінің дерегінше, Сирия соғысы басталғалы бері осы өңірден 54 адам «отты нүктеге» шығып кеткен. Бір қызығы, соғыс даласына өз еркімен аттанғандардың денін әйелдер құрап отыр екен. Мәселен, аталған 54 адамның 33-і - әйелдер, 21-і - ерлер.

Келтірілген мәліметке қарағанда, қазір радикалды-экстремистік сипаттағы ағымдардың жетегінде кеткен азаматтардың Атырау облысы бойынша тіркелгендерінің саны 3200-ді құраған.

«Ондай азаматтарды негізінен «Шапағат» және «Ақпараттық-талдау» орталықтарына туыстары алып келеді. Ол азаматтармен теологтар, білікті мамандар сұхбат құрады. Айталық, қазір абақтыда отырғандар алдымен Дарын Мубаровты тыңдады. «Кейін Саид Бурятскийдің уағызына көшті. Одан әрі Октам Зәуірбеков пен Назратулланы тыңдап, шатысып жүрген кезде қылмысқа барды» деп нақты мысалдар келтіреміз. Салафизм, уахабизм ағымдарының негізгі қателіктерін көрсетеміз. Бастысы, біз ол азаматтарға салыстыру мүмкіндігін береміз. Осындай жұмыстар нәтижесінде өткен жылы 54 адам жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына оралды» деп атап өтті басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев».

Құм жасырған құмыра. Оның қасиетін біліп жүрміз бе? - «Не хабар?!» газеті

null

Газет жақында Шебір ауылынан көне құмыра табылғанын, біреулер көне жәдігердің бүтін сақталуына таң қалса, кейбірі сенімсіздік танытқанын жазады. Шындығында әлгі орта ғасырда саусағынан бал тамған шебердің қолынан құйылған күйі мұрты бұзылмаған, жып-жылтыр құмыра ешқандай да қолдан жасалған жалған зат емес, сол өткен дәуірдің таза мұрасы екендігі анықталыпты. Ал Серікбол Қондыбай атындағы музейдің кеңесшісі, зерттеуші, таңбатанушы, Маңғыстауға қатысты бірнеше кітаптың авторы Мұрат Ақмырзаев құмыраны көріп, шамамен орта ғасырға жатуы мүмкін деген болжам жасаған.

«Сонымен, сүйінші Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шебір ауылының маңынан табылған құмыра - шынымен тарихи сенсация. Бұл құмыраның сыры әлі ашылады. Әзірге бізге белгілісі - Шебір, Тұщықұдық, Қызан, Ақшымырау құмдары - көп қазыналарды қойнауына алған қасиетті мекен. Мұны әр маңғыстаулық зерттеуші ескеруі керек!» деп жазады газет.

Бұл ғана емес, құмыраға қатысты мәселені көлденең тарта келе, газет Маңғыстау өңіріндегі құмның талай сырды бұғып жатқанын айтады. Тіпті ол өңірлердегі құмның өзіндің ерекшеліктеріне де тоқталады. Ал ондай ұдайы көшіп-қонып тұратын құм арасында ауыл тұрғындары біресе жебенің ұшын, енді бірде теңгеліктерді, басқа да қазыналарды жиі тауып тұратын көрінеді. Айтпақшы, құмның бір киесі - ол қолына түскен затты сол қалпында біркелкі температурада сақталады. Әлгі осы заманға дейін сызат түспеген, аман жеткен құмыраның сыры да осында болса керек.
Осыдан соң автор құмыраға қатысты жаңа бір мәселеге көшеді. Бұл маңғыстаулық Ордалы Қосайдың кезінде 1 жыл дайындаған мақаласындағы мәселе. Оған тіпті сол кездегі Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник жауап қатқан секілді. Онда құмыраның символдық мәнін аша келіп, қазақ дүниетанымындағы Шығыс менталитетіндегі рөлін айшықталады.

«Мақалада: «Біздің аңыз ертегілеріміздің бірінде шайтанды құмыраға салып, аузын тығындап, суға лақтырып құтылыпты» деген тіркес бар. Сол құмырада не қасиет барын зерттеген орыс ғалымдары құмыраның құйылу принципін тапқан. Құмыраның қабырғасының ерекшелігі мыңдаған жылдарға дейін радиоактивтілікті шашау шығармай сақтай алатындығына көз жеткізген. Сөйтіп, олар құмыра капсулалар жасап, радиация қалдықтарын көму туралы ұсыныс жасаған». Бұдан аңғарылатыны, құмыраның ерекше құрылымы аңыздардағы дәлдүріштерді ғана емес, адам қолынан пайда болған дүлейлерді ішіне сыйғызатын кепиетке ие»...деп жазады газет.

Балаңызды телефон тәрбиелемесін... - «Сыр бойы» газеті
null

Газет келтірген мәліметке қарағанда, 1970 жылдан бері баланың белсенділігі 90%-ке кеміген екен. Мақалада «смартфонға сарылған бала» мәселесі айтылады. Автор ағылшындық ғалым Сьюзен Гринфилдтың : «Жаңа қоғам тез қалыптасып келеді. Қазіргі адамдардың танымы, түсінігі, таңдауы, иіс сезуі, дәм сезуі, сипап сезуі - бәрі басқаша. Жыл өткен сайын жетіле түспейді. Өйткені, адамдар монитор мен экран алдында тапжылмай отырады. Таза ауаға шығып серуендемейді. Бетпе-бет отырып әңгіме-дүкен құрмайды» деген сөзін келтіріп, осы арқылы уайымдауға тұрарлық мәселені меңзейді. Ғалымдардың смартфонның зияны туралы жүргізген зерттеулерін алға тартып, адамға қаупі бола тұра одан бас тарта алмай отырғанымызды айтады. Енді не істемек керек?

«Қазір қоғамдық көлікте, көшеде құлаққап таққан жастарды көп кездестіруге болады. Жастар дейміз-ау... Орта жасқа келіп қалғандар да кездеседі. Осы кішкене ғана құрылғы қанша адамға қайғы әкеліп жатқанын ескере де бермейміз. Сол себепті, гаджеттен бас тартуды өзімізден бастаған дұрыс. Уақытты гаджетке немесе көк жәшікке емес, көбірек бала тәрбиесіне арнау керек». Айтпақшы, күні кеше ғана құлаққап киген баланы пойыздың қағып кеткені туралы ақпарат шыққан еді...

Соңғы жаңалықтар