Алты облыстың жастары 1 млн теңгеден жеңіп алып, идеяларын іске асырады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Zhas Project» жобасы аясындағы шағын грант конкурсына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл жоба Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жайында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Zhas Project» жобасы аясында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстары жастарының бастамаларын қолдауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 250 шағын грант бөлді.

Әр грант - 1 млн теңге. Жобаның операторы - Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.

«Zhas Project» жас қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобаға қатысушылар өз өңірлерінде үздік әлеуметтік идеяларды жүзеге асыра алады. Осындай қолдаудың арқасында біз жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыта аламыз, оларға әлеуметтік және кәсіби білімін арттыруға, өз дағдыларын жетілдіруге көмектесіп, менторлық қолдау көрсете аламыз», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман.

Шағын гранттар конкурсына әлеуметтік жобаларды ұсынатын NEET санатындағы 18-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар немесе жобалары жастардың осал топтарын қолдауға, жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік проблемаларын шешуге ниетті жастар қатыса алады.

Жобада жұмыссыз деген ресми мәртебесі бар, аз қамтылған отбасында тұратын жастарға, жетім және мүгедектігі бар жас азаматтарға; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп жатқан ата-аналарға, көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға ерекше басымдық беріледі.

Өтінім мына сайттарда қабылданады: zhasproject-almobl.kz, zhasproject-karaganda.kz, zhasproject-mangystau.kz, zhasproject-turkestan.kz,

Жастар өтінімін 10 тамызға дейін жібере алады.



Соңғы жаңалықтар