Алты облысты тоң басып жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің алты облысында топырақтың қатуы 84 сантиметрге дейін жетеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Топырақтың қату тереңдігі Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 4-тен 84 см-ге дейін жоғары. Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 7-ден 40 см-ге дейін төмен. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, ақпан мен наурыз айларында температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр болған жағдайда еріген қар-жаңбырлы су тасқыны пайда болуы мүмкін», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ғалидолла Азидуллиннің айтуынша, алдын ала болжамға сәйкес, ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын, Қазақстанның қиыр оңтүстігінде нормадан 1°С жоғары болады деп болжанады.

«Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстанның басым бөлігінде, Ақтөбе және Қостанай облысының батысында нормадан аз, Түркістан, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Жамбыл облысы, Алматы облысының оңтүстік жартысында, Жетісу облысында нормадан көп деп болжанады», - деді вице-министр.

Фото: pxhere.com
Соңғы жаңалықтар