Алты облыста 9 жаңа су қоймасы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2025 жылға дейін 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 жаңа су қойма салынатын болады. Су қоймаларын салу 20 елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға, 195 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 20 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер немесе жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

Еске салсақ, Президент өзінің Жолдауында су проблемасын көтеріп, елімізде 9 су қоймасы салынатындығын айтқан болатын. 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.
Соңғы жаңалықтар