Алты айда 158 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 6 айында 158 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» туралы баяндаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2018 жылы бағдарламаны іске асыруға 110,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 571 мың азаматқа жұмыспен қамту шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 290 мыңдай жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтар жұмыспен қамту шараларына тартылды немесе жартыжылдық жоспар  101 пайызға орындалды. Олардың 243 мыңы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 158 мың адам немесе 66 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды», - деді министр.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2017 жылдан бастап алғашқы мамандық алуға жоғары оқу орнына түспеген мектеп түлектеріне тегін техникалық және кәсіптік оқу мүмкіндігі берілуде. Биылғы 1 қыркүйектен бастап тағы да 21 мың жас колледждерде оқуын бастайды. Мұнан бөлек, колледждер мен оқу орталықтарының базасында  37 200  жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамды оқыту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 7,8 млрд теңге көзделген.

1 шілдедегі жағдай бойынша 30 мыңдай  қатысушы оқуға жіберілген. Бұл жылдық жоспардың 80 пайызын құрайды. Өңірлер бойынша қысқа мерзімді оқытумен Маңғыстау облысында 20 пайыз және Астана қаласында 49 пайыз қамтылған. Бұл - төмен көрсеткіш.

Бағдарлама қатысушылары қажетті  техникалық мамандықтар және қызмет көрсету салалары бойынша оқытылды. 

«Ең сұранысқа ие кәсіптер - тігінші, шаштараз,  машинист, электргаз дәнекерлеуші, кондитер, аспаз.  Қысқа мерзімді оқытудың басты көрсеткіші нәтижелі жұмысқа орналасу деңгейі болып табылады. Оқудан өткен 9 513  адамның тек қана 50 пайызы немесе 4 732   адам жұмысқа орналасты», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар