Алтайдың қары әлеммен байланыстыратын «көпірге» айналды - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия боксшылары Қазақстан құрамасымен оқу-жаттығу жиынын өткізеді - «Kaznews»

Бокстан Ұлттық құрама спортшылары мен Қазақстан Республикасы боксшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиынының жолдастық кездесуі өтті, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, спорттық шара мұндай жоғары деңгейде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Айта кету керек, бұл біріккен жаттығулар екі жаққа да тиімді болмақ. Екі құраманың да биыл алдына қойып отырған басты мақсаты – 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға қол жеткізу.

Алтайдың қары әлеммен байланыстыратын «көпірге» айналды - People.cn

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңды мыңдаған шақырымға созылған, айрықша көркімен өзгеден ерекше көрінетін Алтай таулары алып жатыр. Соңғы жылдары таулы жер бедері мен қар сапасының ерекшеліктеріне сүйене отырып, Алтай аймағында қар-мұз спорт түрлері мен қысқы туризмнің қарқынды дамуына ықпал ететін бірқатар тау шаңғысы курорты салынды. Осылайша, кезінде Алтайды сыртқы әлемнен оқшаулаған қар қазір басқа әлеммен байланыстыратын «көпірге» айналып, жергілікті халыққа да көп мүмкіндік әкелді, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.

Қытайлық басылымның дерегінше, жергілікті халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Алты айға жуық уақытқа созылған қарлы маусым тұрғындарды әлемнен оқшаулап, қақаған аязбен күресуге мәжбүрлейтін еді.

Қазақ жазушысының кітабы түрік тіліне аударылды - TRT

Анкарада Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың ұйымдастыруымен драматург, филолог, жазушы ғалым Жолтай Жұмат Әлмашұлының түрік тіліне аударылған «Махаббат және өшпенділік» атты кітабының тұсаукесері өтті. Аталған кітапты түрік тіліне аударған – әдебиетші, ғалым Орхан Сөйлемез. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмерұғлу, профессор Орхан Сөйлемез, Қазақстан елшілігінен Мерей Мұқажан құттықтау сөз сөйлеген.

Тұсаукесердің бетін ашып берген Түріксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев түрік халықтарының мәдениеті мен өнерінің шаңырағы – Түріксой ұйымында қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі Жолтай Жұмат Әлмашұлын қонақ қылып жатқандарына қуанышты екенін жеткізді.

Бас хатшы Раев түрік әлеміндегі заманауи әдебиеттің танымал авторларының бірі Жолтай Жұмат Әлмашұлының роман, әңгіме және драматургия сияқты әдебиеттің әртүрлі жанрында өте маңызды туындылар жазғанын және көптеген шығармаларының сахнаға қойылғанын тілге тиек еткен.

Айта кетейік, кітапты аударған Орхан Сөйлемез автордың түрік тіліне аударылған бұл еңбегінде қазіргі заманның өзекті мәселелерін философиялық тұрғыдан қарастырып, халықтарымыздың ұлттық қасиетін, ұлттық болмысын нақышына келтіріп жеткізгенін айтқан.

«TRT» материалында келтірілгендей, Жолтай Жұмат жазушы ретінде рухани мәдениет тарихына мән беруі керек деп есептейді. Ол бұл рухани тарихтың Қазақстан жерінде өмір сүрген түрік әлемінің екі көрнекті тұлғасы – Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи туралы кітап жазған. Сондай-ақ, автор өз сөзінде Түрік әлемінің маңызды тұлғаларының бірі Фараби туралы драманың «Махаббат пен өшпенділік» деген атпен түрік тілінде оқырмандар назарына ұсынылғанына қуанышты екенін жеткізген.

Өзбекстан мен Қазақстан туристер ағынын арттыру мақсатында «Жол картасына» қол қойды - «ӨзА»

Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығы, Өзбекстанның Мәдениет және туризм министрлігі және Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі арасында үшжақты «Жол картасына» қол қойылды. Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі «ҚазАқпарат» басылымына сілеме жасап хабарлаған.

Өзбекстандық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, «Жол картасында» екі ел арасындағы саяхатшылар ағынын арттыратын туристік бағдарламаларды әзірлеу, туристік компаниялар арасында ақпарат алмасуды жолға қою көзделген. Сонымен қатар, елдердің туристік әлеуетін көрсететін ақпаратты жүйелі түрде арнайы зиярат туристік алаңында орналастыру, шекаралық өткізу пункттерінде туристерге қолайлы жағдай жасау, Түркістан-Ташкент бағытында автобус қатынасының санын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген.

Бұл жолғы онлайн өткен кездесуде Өзбекстан туризм саласының өкілдері 2023 жылдың қазан айында Қазақстанда өтетін ТМҰ мүше және бақылаушы елдердің келесі кездесуіне шақырылған. Сонымен қатар, Мәдениет және туризм министрлігі ТМҰ Хатшылығының мүше және бақылаушы мемлекеттер арасында мәдениет пен туризмді дамытуға бағытталған барлық жобаларын қолдайтынын білдірген.

Иран мен ЕЭО арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды - «Parstoday»

Иран Сауданы дамыту ұйымының басшысы және Еуразиялық экономикалық одақтың ресми делегациясының қатысуымен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропаның шығысындағы және Еуразияның солтүстігіндегі елдер құрған экономикалық ұйым. 2014 жылы 29 мамырда Беларусь, Қазақстан мен Ресей осы одақты құру хаттамасына қол қойды. 2015 жылы 1 қаңтардан бастап одақ іс жүзінде жұмыс істей бастады.

Ирандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Иран Сауданы дамыту ұйымының басшысы Әлиреза Пейманпак осы келісімге қол қоюдың Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуын жеңілдетіп, тездететінін айтқан. Ирандық тарап келісіммен қоса, ортақ жұмыс тобын құруға дайын. Осы күнге дейін жақсы қаржы операциялары жүзеге асырылды. Сол себепті, логистикаға қатысты шаралар күн тәртібіне қойылған.

Қазақстаннан 1300 тонна ұн тие л ген Қытай-Еуропа пойызы Сианьға келді - «Халық Газеті»

Апта басында Қазақстаннан 1 300 тонна ұн тиелген Қытай-Еуропа пойызы Шэньси өлкесіндегі Сиань халықаралық станциясының жүк ауласына келіп тоқтады, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның дерегіне сүйенсек, бұл – 2023 жылы Сианьға алғашқы жаңа жылдық заттарды әкелген Қытай-Еуропа пойызының арнайы құрамы. Демек, пойыз алдағы көктем фестиваліне (Қытай Жаңа жылы – авт.)орай, «шетелдік жаңа жылдық тауарларды» жеткізген.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, соңғы жылдары Қытай-Еуропа пойыз рейстерінің тұрақты көбеюімен жеткізілетін шетелдік тауарлардың саны артып, қалың тұтынушыға таңдауды молайтқан.


Соңғы жаңалықтар