Алтайдан ауған ел тағдыры сахналанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат - Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған, «Алтайдан ауған ел» қойылымының премьерасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрерменге жол тартқан тарихи қойлым белгілі тұлға – Халифа Алтай және жазушы Хасан Оралтайдың шығармалары негізінде сахналанған Режиссері – Фархат Молдағали.

Қиын-қыстау кездерді бастан кеше жүріп тағдырдың сан қилы ауыртпалығына мойымай Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жол, қаралы көште сан-түрлі тағдыр кешіп, бозбала боп аттанып, Тәуелсіздік алған туған еліне ақсақал боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай бас кейіпкердің біріне айналған бұл қойылым қиямет қайым күндерді, зұлмат жылдарды өткерсе де, қазақ халқының адамдықтан айнымай, тектілігін жоғалпағаны діні мен ділін, дәстүрі мен салт санасын берік ұстанғанын сөз етеді.

1950-1960 жылдары Түркияның бас министрлік қызметін атқарған, белгілі мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің қазақ халқына жасаған жақсылығы мен Анадолы жерінің әлемдегі барлық түріктердің панасы болғаны да қойылымда көрініс тапқан.

Қойлым жас ұрпақ өкілдерін отаншылдыққа тәрбиелеуде, патриоттық рухта баулуда және туған жердің қадірін терең түсінуге үндеуде Такламакан шөлінде, Гималай тауында арпалыспен өткен өмір өткелдерінде ұлттық болмысынан ажырамаған ата-бабамыздың қанды тарихын көркемдік шындық арқылы жеткізе білген.

«Қазақ тарихындағы «азалы көш», «қаралы көш», «соңғы көш» сынды ұғымдарға айналып, қаламмен емес, қанмен жазылған бабалар кешкен зұлмат күндер пьеса болып, арнайы сахнаға лайықталып жазылмағандықтан, қанша уақыт бойы толғатып, театр тілімен сөйлейтін күнін күтіп жатқанын жанымыз сезеді. «Алтайдан ауған ел» атты спектакльді дүниеге әкелу барысында біз сол тылсым күшті, бабалар рухын сезіндік. Қойылымға «жанр» қоюға да қиналдық. «Кейіпкерлер» деп жазуға да жүрексіндік. Қойылымдағы бір көште бірнеше көштің ізі бар, бір кейіпкерде бірнеше адамның тағдыры бар... Ал біздің басты міндет – сол тарихты, сол шындықты көркем өнердің тілімен көрермен жанына жеткізу. Осы қойылым – «елім» деп еңіреп, еркіндік үшін құрбан болған жан иелерінің басына қойған көк шұбар тас, мәңгілік ескерткіш болсын!», - дейді қойылымның сахналық нұсқасының авторы Мирас Әбіл.


Соңғы жаңалықтар