Алтайдағы Ертістің жағасында қазақтың термесі шырқалды - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанда «Түркия стипендиялары» бойынша талапкерлерді қабылдау басталды TRT

Түркия шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы ұйымдастырған «Түркия стипендиялары» аясында онлайн өтініш берген студенттердің сұхбат сатысы Қазақстанда басталды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымының дерегінше, Қазақстанда «Түркия стипендиялары» бағдарламасы аясында талапкерлерді қабылдау процесі басталды. Қазақстандық талапкерлер жылдағыдай биыл да стипендиялық бағдарламаға үлкен қызығушылық танытқан.

Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Юнус Эмре институтында және Алматыдағы Еуразия зерттеу институтында сұхбат жүргізген.

«Әңгімелесуге бакалавриат, магистратура және докторантураға түсуге үміткер студенттер қатысады. Түркия Республикасының елшілігі жанындағы білім беру мекемесі биыл үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижеде биыл шамамен 7 600 талапкер өтініш берді. Ендігі сатыда сұхбат процесінен кейін Түркияға білім алуға шақырылатын талапкерлер анықталады», деп жазады TRT.

Айта кету керек, аталмыш бағдарлама аясында студенттерге оқу ақысы, тұру, медициналық сақтандыру, екі жаққа ұшу билеттері және ай сайын шәкіртақы төленеді.

Баян-Өлгий һәм Ховд: Қай аймақтың инвестициялық әлеуеті жоғары? - Kaznews

Моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталында осындай тақырыптағы мақала жарық көрді.

Kaznews-тің дерегінше, Баян-Өлгий мен Ховд аймағы да Моңғолияның батыс өлкесінде орналасқан. Халық саны 2021 жылғы көрсеткіш бойынша Баян-Өлгийде 112,836 адамға, Ховд аймағында 91,127 адамға жеткен.

Аймақ орталығындағы халық саны Өлгийде 43 077, ал Жаргалантта 32 200 болған.

Ресеймен шекараласатын Цагааннуур, ҚХР мен шекараласатын Даян өткізу бекеттері Баян-Өлгий аймағына тиесілі болса, ҚХР-мен шекераласатын Булган, Байтаг бекеттері Ховд аймағына тиесілі. Моңғолия аймақтарындағы халықаралық статусы бар үш әуежайдың екеуі осы аймақтарда орналасқан екен. Баян-Өлгий аймағының артықшылығы «Цагааннуур» атты экономикалық еркін зонасы бар.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, былтыр мемлекеттен Баян-Өлгий аймағының жергілікті даму қорына 8,7 млрд төгрөг инвестиция тартылған. Ал, Ховд аймағының жергілікті даму қорына 6,8 млрд төгрөг инвестиция құйылған.

Халықаралық ұйымдардың бағдарламасымен 2022 жылы жергілікті даму қорына көрсетілетін қолдауда Баян-Өлгий аймағына 79,8 млн төгрөг инвестиция бөлінген.

Ал, 2022 жылы мемлекеттік бюджеттен Баян-Өлгий аймағына - 56,9 миллиард төгрөг, Ховд аймағына 90 миллиард төгрөг көлеміндегі қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, Баян-Өлгийде мемлекет қаражатымен салынатын өндіріс орындары жоқ болса, ал Ховд аймағы үшін бұл салада ілгерлеушілік байқалады. Өйткені оларда Хобда өзені бойына салынатын Эрдэнэбүрэн 90МВт-тық су-электр станциясының жобасына инвестиция тартылған.

«Бүгінде аймақтағы жұмыссыздық деңгейінің өсуі, инфрақұрылымның тозуы, жергілікті даму қорының жоспарлануы, шағын және орта өнеркәсіптің баяу дамуына қатысты проблемалар бар. Ал, мемлекет тарапынан үлестіретін шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған несиеге нағыз кәсіпкерлер қол жеткізіп отыр ма?! Бұл сұраққа кім жауап бере алады?», деп түйінделеді аталған жазба.

Қазақстандық инвесторлар Жызақта 1,3 млн долларлық 11 келісім жасамақ - «ӨзА»

Өзбекстанның Жызақ облысына келген Қазақстан Республикасының инвесторлары 1,3 млн долларлық 11 келісімге қол қоюға мүдделі.

«ӨзА»-ның дерегінше, осы жылдың 13 маусымында Өзбекстан Республикасы президенті жанындағы стандарттау және сертификаттау саласындағы тиімділікті арттыру мәселелеріне арналған жиыналыс өтті.

Онда облыс әкімдері экспорттаушылар санын көбейту және жаңа зертханалар ашу бағдарламасын қабылдамақ ниетте. Сонымен қатар, бұл басқосуда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 200 мың гектар жеміс-көкөніс алқаптарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, жыл соңына дейін 249 жеміс-көкөніс кластерімен жұмыс істеу және халықаралық нарыққа экспорттайтын кәсіпорындар санын 400-ге дейін арттыру міндеті қойылған еді.

Осыған орай, Қазақстандық инвесторлармен кездесуде өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, өңір экономикасында туризм индустриясын қалыптастыру, өндірісті жергіліктендіру, импортты және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, олардың экспорттық әлеуетін және сапасын арттыру сынды мәселелер талқыланды.

Екі жаққа да тиімді болған келіссөздер барысында қазақстандық инвесторлармен B2B, B2G, G2G форматында келіссөздер жүргізіліп, жаңа инвестициялық жобалардың тұсаукесері өтті.

«ӨзА»-ның дерегінше, Қазақстандық BePRO Management holding басшысы Еркелбұлан Мәкеновты Өзбекстанның Жызақ облысында салынған өндіріс орындары қатты таң қалдырған. Ол аталған басқосуда, өзінің осындай өндірістік компаниялармен жұмыс істеуге қуанышты екенін және болашақта ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниеті барын айтқан.

Алтайдағы Ертістің жағасында қазақтың термесі тыңдалды – «Халық газеті»

Шолпан Шалқыманқызы - Алтайда тұратын танымал термеші. Шолпан бала жасынан домбыра тартып, ән айтумен әуестенген, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Ол 2016 жылы Күйтүн Өнер институтына қабылданып, үш жыл вокал мамандығы бойынша білім алып, дәстүрлі терме өнерін кәсіби деңгейде меңгеріп шығады.

Бұл видео ақпаратта термеші Шолпан Шалқыманқызы өзінің шығармашылық жолын айтып, сондай-ақ терме өнері туралы қысқаша түсініктеме береді. Ол Қытай қазақтарына белгілі болған әйгілі термеші марқұм Әсемхан Ғибадатқызын өзіне үлгі, ұстаз тұтатынын айтты.

«Терме – сөзі мен әуені келіскен, ғибраттық сипаты басым лирикалық өлең түрі. Шолпан Шалқыманқызы Ертіс өзенінің бойында өнерпаздық шеберлігімен бөлісіп, болашақта балаларына дәстүрлі терме өнерін үйретсем деген арманын жеткізді», деп жазады қытайлық басылым.

Президент Қазақстан елшісінің сенім грамотасын қабылдады - Kaznews

Осы аптада Моңғолия президенті Қазақстан елшісінің сенім грамотасын қабылдады.

13 маусым күні Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаевтан сенім грамотасын қабылдады. Бұл туралы Моңғолия Президенті әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі ретінде жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі.

Айта кетейік, биыл Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық достық қарым-қатынасқа 30 жыл толуда. Тараптар кездесу барысында сауда, экономика, мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру барысында пікір алмасты.

Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев 1972 жылы 12 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Айта кетейік, Ғ. Қойшыбаев Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Қытайдағы Елшісі болған еді.

Моңғолияға келген туристер арасында саны жағынан Қазақстан төртінші орында тұр. Бұл туралы осы аптада kaznews ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айында Моңғолияға 8 554 турист келген болса, 2022 жылы қаңтар-мамыр айында 42 060 турист келген. Шетелден келген туристер саны 391,7%-ға артқан.

Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, туризм саласының кірісі айтарлықтай өскен.

«Моңғолияға алғашқы бес айда келген туристер саны бойынша Ресей (22,292) көш бастап тұр. Сонымен қатар Оңтүстік Корея (4,048), Қытай Халық Республикасы (2,989), Қазақстан Республикасы (2724), Беларусь (1698) қатарлы елдер алғашқы бестікті қорытындылауда», - деп жазады моңғолиялық басылым.

Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы - аймақтық ынтымақтастықтың сәтті үлгісі – Parstoday

Түрікменстанның Қаржы және экономика министрі Мұхамметгелді Сердаров Еуразиядағы сауда ынтымақтастығының сәтті үлгісі Түрікменстан-Қазақстан және Иранмен арадағы темір жолы екенін айтты, деп хабарлады Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Мұхамметгелді Сердаров бұл туралы Санкт-Петербург халықаралық конференциясында айтқан болатын.

Оның пікірінше, бұл темір жол Еуразиядағы көршілес елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту үшін жақсы перспектива ашады.

Айта кетейік, ұзындығы 926 шақырымды құрайтын Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы 2014 жылдың желтоқсан айында қолданысқа тапсырылды. Ол ашылғаннан кейін Қытай да бұл жолға қосылып, 2016 жылдан бері осы дәліз арқылы контейнерлік пойыздар жүріп жатыр.

Parstoday-дің келтірген мәліметінше, 2021 жылдың 26 ​​қарашасында ИИР, Түрікменстан және Қазақстан (KTI ) үш елі арасында Қазақстаннан Түрікменстанға және одан Иранға теміржол жүк тасымалының көлемін ұлғайту мақсатында үш жақты теміржол меморандумына қол қойылды. Иран-Түркіменстан-Қазақстан халықаралық теміржолының 80 шақырымы Иранда, 700 шақырымы Түркіменстанда, 146 шақырымы Қазақстанда.

Өзбекстанға сәуір айында ең көп турист Қазақстаннан келген - «ӨзА»

2022 жылдың сәуір айында Өзбекстанға туристік мақсатпен 269,2 мың шетелдік келген. Оның басым бөлігі көрші Қазақстаннан келген азаматтар құрайды, деп хабарлайды «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік статистика комитетінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 181,4 мың адамға немесе 3,1 есеге өскен.

Айта кетейік, өзбекстандық БАҚ 2022 жылдың сәуір айында Өзбек еліне туристік мақсатпен келген шетелдік азаматтардың тізімдігін жариялаған.

«Қазақстан – 81,2 мың адам, Тәжікстан – 69,9 мың адам, Қырғыз елінен – 69,1 мың адам, Ресей – 29,3 мың адам, Түркия – 4,5 мың адам, Германия – 1,4 мың адам, Франция – 1,2 мың адам саяхаттап келген», деп жазды «ӨзА».


Соңғы жаңалықтар