Алтайдағы әже халық жырын насихаттап жүр - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда тұратын әже халық жырын насихаттап жүр - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайлық kazakcnr.com сайтында, халқымыздың ұлттық болмысын танытатын дәстүрлі жыр өнерін Қытай жерінде насихаттап жүрген Әдиа Түсіпқанқызы туралы жазылған «Халық жырының қамқоршысы» атты мақала жарық көрді.

Аталған мақаланың авторы Қуандық Көбенұлының жазуынша, даналар тағылымымен жатталып бүгінгі ұрпаққа жеткен, ұлтымыздың ауыз әдебиетінің айырықша үлгісі жыр дәстүрін халыққа насихаттап, дамытып жүрген Әдиа Түсіпқанқызы Қытайдың Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында тұрады.

«... Көшпелілер мәдениетінің бір бөлегі саналатын ғасырлар туындысын бүгінге жеткізуге үлес қосып жүрген Әдиа әжемізге сәлемдесе барғанымызда, төрдің сәні болып ақ шылауышымен (кимешек) атамыздың жанында отыр екен. Көпті көрген, санасына мол рухани қазына жинап, жұртқа үлгі шашқан әжеміз өзінің өмір туралы былай деді: «Мен 1941 жылы туыппын. Әкемнің аты Түсіпқан. Ағам Бөкей елге танылған балуан болған. Әкеміз 33 жасында қайтыс болып, жастайымнан жетім болып ержеттім. Аллаға шүкір, қазір төрт ұлым, екі қызым бар. Олардан 8 немере сүйіп отырмын. Осыдан бес жыл бұрын «Саған халқым» атты жыр жинағымды шығардым. Онда тіріге арналған өлеңдерім мен қайтыс болғандарға арналған жоқтауларым, өмірден түйгенім мен көргенім туралы естеліктер бар. Сондай-ақ бұл жинағыма туған жер, өскен елге арналған өлеңдерім де кірді. Көпшілік жиналған ортада қолқалап жатса өлеңімді айтып, жырымды толғаймын», - дейді әжеміз. Әдиа апа осылардың ішінде жоқтау өлеңдері туралы кеңірек тарқатып айтып, оның мәні мен маңызын түсіндіріп берді», - деп жазады автор мақаласында.

Қазақ халқының мәдениетін зерттеген Ә.Диваев осы тұрмыстық жыр турасында: «Қазақтың жоқтау өлеңдері – көшпелі қазақ әйелдерінің ақыл-ойын көрсетеді, жүрек сұлулығын суреттейді...» - деп бағалапты.

Ал, данышпан Абай бұл туралы:

Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады ол?

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай-елең-селең, – деген екен.

«Қазақтың өлім жөнелту әдет-ғұрпы өз алдына бір мәдениет. Жоқтау, көріс негізінен әйелдер қауымының қайтыс болған адамға арнап айтылатын жыры. Онда негізінен, қайтыс болған адамның тірі кезіндегі ерлігі, адамгершілігі, қоғамдық орны, салауаты жырланып, оған деген сағыныш қатар айтылады. Мен бала күнімнен байырғы бәйіттерді, көне жырларды жаттап өстім. Соның ішінде жоқтау жыры - халық ауыз әдебиетінің бір саласы. Жоқтаудың түрі көп. Оның өз әуені бар. Жоқтауды бір бөлім адам жаттап айтаса, бір бөлім адам жанынан шығарып, өзі құрап айтады. Жоқтау мезеттік емес, қайтыс болғам адамның үйінде бір жылдан артық уақыт айтылады. Үйткені, алыстағы туысы, жамағайыны, дос жараны іздеп келіп, көңіл айтады. Кісі өлім жақын адамына ауыр қайғы арқалатады, жоқтау соны жеңілдетіп, адамның қайғы-қасіретін сыртқа шығарып шемен-шерін тарқатады», - дейді Әдиа Түсіпқанқызы.


    Түркі жұртының төрт жәдігері UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енеді - TRT

    Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі төрт жәдігердің UNESCO Адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне алынуы үшін өтініш берді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

    «Ұлттың тарихи жәдігерлері қатарында «Көркем жазу: Ислами құснихат (калиграфия) өнері», Түркияның бастамасымен Әзербайжанмен бірге «Шай мәдениеті: Куәлік, қонақжайлық және әлеуметтік қатынас символы» және «Мей-Балабан өнері», ал Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікістан және Түрікменстан елдерімен бірге «Қожанасыр әзілдері» мұралары UNESCO -ға ұсынылды. Еске сала кетейік, Түркия Материалдық емес мәдени мұраның сақталуы келісімін қабылдаған 178 ел ішінде 18 жәдігермен тізімге ең көп жәдігер енгізген алғашқы бестікке еніп отыр», - деп жазады TRT.


    Өзбекстан жасанды тыныс алу аппаратын жасап шығармақ - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

    Өзбекстанның Инновациялық даму министрлігі Cловакияның «Chirana» компаниясы және ресейлік серіктестермен бірлесіп, жасанды тыныс алу аппараты өндіріс технологиясының трансферін жүзеге асыру жобасын әзірлеуде, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.


    «Әлемнің 12 елінде ғана өндірісі жолға қойылған жасанды тыныс алу аппаратының Орталық Азиядағы тұңғыш зауыттық жобасының алғашқы кезеңінде жалпы құны 3 миллон долларды құрайтын 30 жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаның екінші кезеңінде 6 миллиондық инвестицияның есебінен жаңа жұмыс орындарын 100-ге жеткізу жоспарланған.

    «Ал, атаулы жобаға атсалысуға келісім берген әлемдегі алты әйгілі брендтің бірі саналатын «Chirana» компаниясының Ташкентте шығатын аппараттың бір ерекшелігі тек бір сатылы емес, үш сатылы желдетуді (вентиляция) жасайтын болады. Сонымен қатар, құрылғыны жөндеу үшін қосалқы бөлшектер мен қызмет көрсету орталығы, жасанды респираторлар мен НТА (наркозды-тыныс алу аппараты) үшін бірегей, жылжымалы және заманауи қызмет көрсету орталығы құрылатын болады», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.


      Түрік кеңесі елдері ұйымшылдық көрсетті - TRT

      Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев кеңеске мүше елдердің жаңа типті коронавирус (Сovid-19) індетіне қарсы өзара ынтымақтастық көрсеткенін атап өтті, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

      Аталған БАҚ-тың жазуынша, Түркі кеңесінен жасалған жазбаша мәлімдемеде Бас хатшы Әміреев жаһандық індеттің басталуынан бері Түркі әлемі лидерлерінің өзара жақын ынтымақтастық жасағанына назар аударған.

      «Түркия Әзербайжанға коронавирусты анықтайтын диагностикалық жабдықтар жолдаған алғашқы ел болды, осылайша бауырлас Әзірбайжан аталмыш ауруды анықтау үшін қажетті мүмкіндікке қол жеткізді. Сонымен бірге Түркия Қырғызстанның астанасы Бішкектегі Қырғыз-Түрік емханасын Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігіне өткізіп беруге шешім қабылдады. Ал Өзбекстан көршісі Қырғызстанға гуманитарлық жәрдем жолдады. Қазақстан үкіметі қырғыз азаматтарының Қытай мен Үндістаннан әуе жолымен еліне қайтуына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ, Түркі кеңесіне мүше елдер коронавирустың Еуропа елдеріне таралуы хабарланғаннан бастап дереу Мажарстанға медициналық жәрдем жолдады. Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан Мажарстанды шұғыл қажет болған маскамен, медициналық жабдықтармен қамдады» - деді Бағдат Әміреев.


      Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында «СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында өткен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше саммитінде бауырлас мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтқан болатын.


      Қытай үкіметі Қазақстанға көмектесуге медициналық сарапшылар тобын жіберді -«Жэньминь жибао» (People Daily)

      Қазақстан үкіметінің шақыруымен 9 сәуірде Қытай үкіметі коронавирус инфекциясымен күреске көмектесу үшін Үрімжіден Қазақстанға медициналық сарапшылар тобын аттандырды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

      «Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды өлкесінен 10 дәрігер Қазақстан астанасына аттанды. Олар Шыңжаң халық ауруханасы, Шыңжаң медициналық университетінің бірінші ауруханасы, Шыңжаң дәстүрлі қытай медициналық ауруханасы, Іле-Қазақ автономиялық округінің Достық ауруханасы мен Іле-Қазақ автономиялық округінің аурудан сақтану және алдын алу орталықтарының ең білікті мамандары. Қытайлық делегация құрамында интенсивті терапия, инфекциялық бақылау, пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандар бар. Сонымен қатар делегация құрамында жаңа коронавирус инфекциясымен күресте тәжірибесі бар медбике де жіберілді», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.

      Аталған БАҚ-тың жазуынша, коронавируспен күрес шаралары аясында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды өлкесі Қазақстанға 5 тонна гуманитарлық көмек те атаған. Гуманитарлық жүкте 49 600 дана бір реттік медициналық маска, 4 800 дана N95 үлгісіндегі маска, 2 000 дана қорғаныс киімі, 2 дана өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да медицина мамандарына қажет қорғаныс құралдары жіберілген.


      Қазақстанда «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты кітаптың тұсаукесері өтті - «Фарс» ақпарат агенттігі

      Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп жазады Рarstoday .

      «Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл рәсімге Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен діни тұлғалар қатысты. Наурызбай қажы Ислам Пайғамбарының (с.ғ.с.) «Құран оқылған және Алланың есімі айтылатын үйдің берекелі болатыны және бұл үйге періштелер түсіп, шайтандардың қашатыны» туралы хадисті еске салып: «Аударманың ерекшелігі – қасиетті аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылып, аяттардың қазақша мағынасы берілуінде, тәпсірі, түсініктемесі мен тарихы жан-жақты жазылуында. Бұл аударма мен тәпсір Құранның мағынасын тікелей түсіндіру мақсатын көздейді»,- деді. Құранды араб тілінен аударған – исламтанушы, ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат Оңғаров», - деп жазады Рarstoday.


      Соңғы жаңалықтар