Алтайдағы ауруханада дәрігерлер үзілген аяқты жалғады - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын бұқаралық ақпарат құралдарына апталық шолуын ұсынады.

Түркияның ең үлкен мешіті ашылды - TRT
null

Ыстанбұлда 6 жыл бұрын іргетасы қаланған 63 мың адам бір мезетте ғибадат ете алатын, Түркияның ең үлкен мешіті ашылды, деп хабарлайды Түркияның радио-телевизия мекемесінің сайты.

Аталған басылым «Үлкен Чамлыджа мешіті» деп аталатын дін ордасы 3 мамыр күні ресми түрде ашылатынын мәлімдеген.

«Президент Режеп Тайып Ердоған да қатысатын рәсім жұма намазынан кейін болды. Мешіттің ашылуына шетелдік қонақтар да қатысады. Жаңа мешітте күні бойы Құран оқылады», деп хабарлайды TRT.

Өзбекстанда қазақ ауылдарына 10 мың қазақша кітап сыйға таратылды - «Кенимах таңы» газеті
null

«Өзбекстан Республикасы Президентінің Халық қабылдауы мекеме-ұйымдармен ынтымақтастықта тұрғындар арасында тікелей байланысты жолға қойып отыр. Ел президентінің 2019 жылғы 8 қаңтардағы «Аймақтарды комплексті әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша секторлар қызметін одан жетілдіруге байланысты қосымша шаралары туралы» қаулысы мен аүстіміздегі жылғы 17 қаңтардағы «Тұрғындар проблемалары мен жұмыс істеу жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлығы негізінде жаңа жүйе енгізілді. Жаңа жүйеге сәйкес халық қабылдаулары проблемаларды үйме-үй жүру арқылы анықтап оны шешуде мемлекеттік органдар мен ынтымақтастықты күшейтіп тұрғындар мен тікелей жұмыс істейді», деп жазады «Кенимах таңы» газеті.

Басылымның жазуынша, президент жарлығын орындау мақсатында аймақтарға «Руханият керуені» ұйымдастырылған. Бұл керуен мемлекеттік қызметтер, білім беру, денсаулықты сақтау секілді маңызды салалар бойынша шалғай аймақтарда тұрғындармен дөңгелек үстел сұхбаттарын өткізген.
null

«Білім беру ошақтарына Науаи облыстық әкімшілігі, Өзбекстан Республикасы Президенті Халық қабылдауының аймақтық басқармасы мен «Навоий-азот» кәсіпорны демеушілігінде Алматы қаласы баспасынан шыққан көркем әдеби кітаптардың 10 000 данасы сыйға тартылды. Әр ауылға 1 000-1 200 данадан таратылған кітап кітапханаларға емес оқырмандарға тікелей жеткізілді», деп жазады «Кенимах таңы» газеті.

«Мен үй бикесі болсамда әдеби кітапты оқуға кызығамын. Бүгінгі «Руханият керуені» фестивалі аясында облыс басшылары бізге қызықты кітаптар сыйлады. Олардың арасында М.Әуезовтің «Абай жолы» С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешуі», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Әбіш Кекілбаевтың «Үркері» және тағы басқа тағлымы мол жинақтар мен көркем әдебиеттерге қол жеткіздік. Мен бүгін сыйға алған «Абай жолы» эпопеясын өз перзенттеріме оқып беремін. Өйткені ол кітапты әр қазақ оқуы тиіс кітаптың бірі деп ойлаймын», - дейді Баймұрат елді мекені тұрғыны Фатима Мұсаева.

Алтайда үзілген аяқты қайта жалғау отасы сәтті жасалды - «Ағажай-Алтай» порталы
null

Алтай аймақтық халық ауруханасының травматология бөлімі оң жақ аяғы (жіліншігінен - авт.) денесінен бүкілдей ажыраған науқасқа қайтадан жалғау отасын жасаған. Бұл аймақтық халық ауруханасының үзілген аяқты қайта жалғау бойынша сәтті іске асырған тұңғыш отасы саналады. Бұл туралы «Ағажай-Алтай» порталы жазады.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, 24 сәуір күні сағат 13.00-де Алтай аймақтық халық ауруханасы оң жақ аяғы денесінен жұлынып қалған науқасты қабылдаған. Науқас емханаға келгенде жараланғанына үш сағаттан асып кеткен екен. Аурухананың травматология бөлімінің шипагері науқасты қабылдағаннан кейін, дер кезінде лайықты шаралар қолданады. Ота жасаудың алдындағы түрлі дайындықты тез арада істеп, қан құйып, қансыраудың алдын алған. Сонымен бірге, Шынжаң өлкелік емханаларымен байланыс жасап, үздік маманның бірін көмекке шақырады. 6 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты.

Алтай аймақтық халық ауруханасы травматология бөлімінің бас маманы Шу Хуайшиң бұл отаның алар орны ерекше екенін мәлімдеген.

«Осы жолғы операция ауруханадағы травматология бөлімінің жаңа тарихи бетін ашты. Бұл аталған бөлімнің дамуын жоғары сатыға көтерді деп есептейміз» дейді бас маман Шу Хуайшиң.

Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы артады - «Фарс» ақпарат агенттігі
null

Иран Ислам Кеңесі мәжілісі төрағасының халықаралық істер жөніндегі арнайы көмекшісі Тегеранда Қазақстан елшісімен кездесіп, екі елдің достық қарым-қатынасын кеңейтудің маңыздылығын қуаттады. Бұл туралы осы аптада Fars ақпарат агенттігі хабарлады.

«Иран Ислам Кеңесі мәжілісі төрағасының халықаралық істер жөніндегі арнайы көмекшісі Хосейн Амир Абдоллахиан Тегеранда Қазақстан елшісі Асхат Оразбаймен кездесуде екі елдің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету жолында әртүрлі салаларда өзара әріптестік пен байланысты дамытып, нығайтудың түбегейлі рөлге ие екенін мәлімдеді. Ол Иран Ислам Кеңесі мәжілісі Қазақстанмен әртүрлі салаларда, соның ішінде парламентаралық байланыстың дамып, кеңейтілуін қолдайтынын айтты», деп жазды parstoday.

Қазақстанның Ирандағы жаңа елшісі Асхат Оразбай да осы кездесуде, екі елдің тығыз достық қарым-қатынаста екен айтқан.

«Қазақстан Иранның әртүрлі делегацияларын қабылдады. Екі ел арасында ең жоғары деңгейлерде көптеген кездесулер болды. Мұның өзі тараптар арасы достық қарым-қатынасқа ие екенін көрсетеді. Қазақстан Иранмен байланыс деңгейін жоғарылатуды қолдайды», - деген Қазақстанның Ирандағы елшісі.

Ташкенттен Нұр-Сұлтанға тұрақты түрде автобустар қатынайды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

null

Қазіргі уақытта Өзбекстандағы «Uzavtotrans Service» компаниясы Қазақстанның төрт қаласына тұрақты рейстерді жолға қойды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Атап айтсақ олар, Ташкент - Түркістан, Ташкент - Алматы, Ташкент - Үшқоңыр және Шыршық - Үшқоңыр бағыттары. Аталған бағыттарға барлық қолайлықтарға ие заманауи автобустарда жетіп алуыңызға болады. Билет бағасы да қолжетімді. Мысалға, Ташкент - Түркістан бағыты билет бағасы 50 мың сум. Ташкент - Алматы немесе Ташкент - Үшқоңыр бағыты билет бағасы 101 мың сумды құрайды. Ал Шыршық - Үшқоңыр бағытынан орын асаңыз 90 мың сум етіп белгіленген (1 KZT=22,135 UZS - 03.05.2019)» деп хабарлайды Өзбекстандық ақпарат көзі.

Өзбекстан Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада «Ташкент - Нұр-Сұлтан», «Ташкент - Тараз», «Самарқанд - Душанбе», «Ташкент -Қазан», «Ташкент - Уфа» сынды бағыттарғада тұрақты рейсті автобустар жолға қойылатынын жазады uza.uz.

Бішкекке 141 жыл толды - TRT
null

Қырғызстанның Тәңірі тауларының етегіне құрылған бас қаласының 141 жылдығы тойланды. Бұл туралы Түркияның радио-телевизия мекемесінің ресми сайты хабарлады.

«Қаланың Совет одағы кезінде Фрунзе болған, артынан Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан кейін Бішкек болып өзгертілген аты Түркістаннан Қытайға созылған Жібек жолы бойында қырғыздардың өз жұртына келуін қамдаған бір қырғыз батырының есімінен алынған», - деп жазады басылым.

Қаланың мерейтойына байланысты қалада екі күн бойы түрлі концерттер, би қойылымдары, көрме мен спорттық жарыстар ұйымдастырылған.

«Қаланың орталық алаңы Алатауда үлкен концерт беріліп, Бішкек қалалық симфония оркестрінің өнері сахналанды. Концертке Бішкек қаласының әкімі Әзиз Суракматов, қалалық мәжілістің мүшелері, қала тұрғындары қатысты. Өзбекстанның атақты әншісі Фарук Закиров пен Ресейдің атақты әншісі Согдиана да сахнаға шықты», делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар