Алтайда «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай» атты көрме өтіп жатыр - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай» атты көрме өтіп жатыр - CNR

Наурыздың 28-і күні Алтай аймақтық әдебиет және өнер үйірмелер одағы көрме залында «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай» атты қылқалам шебері Жұмажан Бешенұлының жеке сурет көрмесі ашылды.

9 күнге созылатын көрмені аймақтық әдебиет және өнер үйірмелер одағы ұйымдастырды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Жұмажан Бешенұлы бұл көрмені өткізудегі мақсаты туралы өз пікірін білдірген.

«Көшпенді халқымыз ғасырлар бойы табиғаты ғажайып, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, малға, адамға жайлы өңірге қоныстанып, маусымға қарай жайлымды ауыстырып мал бағатын көші-қон дәстүрін қалыптастырған. Мен кішкентайымнан осы ғажайып табиғат аясында есейіп, ержеткенмін. Сол себепті көшпенді халқымның тұрмысына әбден қанықпын. Бұл жолғы сурет көрмемнің негізгі тақырыбы − «Мың жылдық көш жолы, көрікті Алтай». Көрме тақырыбын осылай қоюымның себебі – қазір ұмыт бола бастаған, көш жолын қылқалам арқылы көпшілік назарына ұсыну. Туған өлкемнің көркем көрінісі мен қазіргі заманғы өзгерістерін көркем суреттерім арқылы бейнелеу», дейді суретші.


Жұмажан Бешенұлының көрмеге қойылған 80-нен астам туындысында Алтайдың көркем көрінісі мен қатар ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтын өзгеше мәдениетін кәсіби деңгейде бейнелей алған. Бұл жолғы көрмеге қойылған ұлттық бояуы қанық туындыларға қарап Ж. Бешенұлы шығармашылығының өзіндік мәнері қалыптасқан шебер суретші екенін аңғаруға болады.



Айта кетейік, 35 жастағы Жұмажан Бешенұлы Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген кәсіби суретші. Шыңжаң педагогикалық университетінің Бейнелеу өнері институтының бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірген. Шыңжаң суретшілер одағының және Алтай суретшілер одағының мүшесі.

Гуанчжоу-Үрімжі-Астана бағыты қалпына келтірілді - CNR

27 наурыз күні Қытайдың Southern Airlines әуе компаниясының CZ6013 рейсі Үрімжі Дивопу халықаралық әуежайынан сәтті ұшып шықты, бұл Гуанчжоу-Үрімжі-Астана бағытының толық қалпына келуін білдіреді, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл бағыт Гуанчжоудан Қазақстанның бас қаласы Астанаға Үрімжі арқылы әуе қатынасын қайта қалпына келтірілгеннен бергі алғашқы бағыт екен. Маршрутты әр дүйсенбі және жұма күндері екі рейс орындау жоспарлануда.

Үрімжі Дивопу халықаралық әуежайы осы бағыттың соңғы жөнелтетін және бірінші келетін порты болып табылады.

Осы транзиттік бағыттың ашылуын қамтамасыз ету үшін Үрімжі Дивопу әуежайының кедені тасымалдау мәселелерін үйлестіру үшін әуе компаниялары мен Гуанчжоу Байюнь әуежайының кеденімен байланыс орнатуға бастама көтеріп, келісімге қол қойған.

Қытайлық «CNR»-дың дерегінше, бұл бағыттың қайта іске қосылуы Қытай мен Қазақстан үшін қолайлылық туғызды және Қытайдың Шыңжаң, Гуандун провинциясы мен Қазақстанның астанасы Астана арасындағы экономика мен мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытады.

Қазақ елшісі Түркиялық министрмен кездесті – «TRT»

Қазақстанның бас елшісі Түркия министрімен кездесті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мумкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық басылымның дерегінше, 22 наурыз күні Қазақстан республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше Елшісі Еркебұлан Сапиев Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі Мехмет Мухаррем Касапоглумен кездескен.

Кездесу барысында екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мумкіндіктері талқыланған.

Сондай-ақ, осы аптада «TRT» ақпараттық порталында «Қазақстан мұнайы Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы тасымалданады» деген тақырыптағы хабар жарияланды.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыр желісінен жылына 20 миллион тоннаға мұнай жолдауды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген.

Айта кету керек, Қазақстан сәуір айында Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр желісі арқылы 125 мың тонна мұнай жіберуді жоспарлап отыр.

«...Мұнай экспортының жаңа бағыттарына бет бұрған Қазақстан үкіметі 2023 жылдан бастап Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы Каспий теңізінен мұнай тасымалдауды бастайтынын және Баку-Супса және Баку-Батуми құбыр желілері бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады», деп жазды түркиялық БАҚ.

Ганьсуден Қостанайға халықаралық жүк пойызы желісі ашылды- People.cn

25 наурызда Орталық Азиядағы алғашқы халықаралық жүк пойызы Ганьсу өлкесінің Диньси қаласынан Қазақстанның Қостанай қаласына сәтті жөнелтілді, деп жазады «Халық» газеті.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, халықаралық жүк пойызына 55 стандартты контейнер, соның ішінде автокөлік бөлшектері, тауарлық автомобильдер, маталар және т.б. құны шамамен 3,03 миллион АҚШ долларын құрайтын жүктер тиелген. Бұл пойыздың тасымалдау қашықтығы шамамен 5170 шақырымды құрайды. Диньси теміржолының жүк стансасынан шыққаннан кейін ол Шыңжаңдағы Қорғас шекарасы арқылы өтіп, Қазақстанның Қостанай қаласына жеткізілмек.

«Халық» газетінің келтірген мәліметіне сүйенсек, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын тереңдете іске асырудың арқасында Ганьсу мен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда ауыс-күйісі жиілей түсті. Бұл пойыздың іске қосылуы екі тарап арасындағы сауда үшін жаңа арна ашқан.

«Статистикаға сәйкес, 2022 жылы Қазақстанға Ганьсудың импорты мен экспортының құны 13,44 млрд юаньға жетіп, жылдық есепте 44,9%-ға ұлғайды. Биылдың алғашқы екі айында Қазақстанға Ганьсу өлкесінің импорты мен экспортының құны 1,79 млрд юаньға жетті» , деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Қазақстанда Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі өтіп жатыр

– «Parstoday»

Қазақстанның Алматы қаласында Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі басталды. Қазақстанның Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттер, ұстаздар, ирантанушылар мен ИИР Бас консулдығының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен Иран қолөнер бұйымдары көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Рәсім Иран мен Қазақстан әнұрандарының шырқалуымен басталды, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл көрмеде Исфахан облысынан төрт ирандық өнерпаз хатамкари, қаламзани мен фирузекуби салаларындағы өнер туындыларын жұрт назарына ұсынды. Көрме аясында қаламзани бұйымдарын жасау тәсілі көрсетілді.

Айта кету керек, Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі Алматы қаласындағы университеттер мен мәдени орталықтарда 31 наурызда басталып, 6 сәуірге дейін жалғасын табады.

Халықаралық көкпар ойынында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті - «ӨзА»


Сұрхандария облысының Термез ауданында ұйымдастырылған халықаралық көкпар ойынында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 5 тамыздағы «Сұрхандария облысында қарабайыр тұқымды жылқыларды өсіру және насихаттау сонымен қатар, ат спортын одан әрі дамыту шаралары туралы» шешімін жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған ойында Қазақстан құрамасы бірінші орынды алып жүз миллион сум сыйақыға ие болды. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, халықаралық көкпар ойынында Қырғызстан командасы екінші орынды иеленсе, Қарабайыр жылқы өнері мектебінің командасы үшінші орынды қанағат тұтты.


Соңғы жаңалықтар