Алтайда қазақ халқының байырғы дәстүрлі тері шаңғы мәдениеті ұлықталды - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда қазақ халқының байырғы дәстүрлі тері шаңғы мәдениетін ұлықтаған мереке өтті - Ағажай-Алтай

Қытайдың Алтай қаласындағы Генарал тауы халықаралық шаңғы базасында қазақ халқының байырғы дәстүрлі тері шаңғы мәдениетін ұлықтаған мереке аталып өтті, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл ерекше мерекелік іс-шараға Қытай елінің әр облысынан келген туристер мен қонақтар қатысқан. Осы мәдени шараның ашылу салтанатында көпшілікке қазақ ұлтының дәстүрлі мәдениеті көрсетіліп, байырғы дәстүрлі тері шаңғы арнайы таныстырылды.

Сондай-ақ, Алтай аймағын мекендеп, ежелден тері шаңғыны жасау һәм пайдалану дәстүрін үзбей жалғап келе жатқан өңір қазақтарынан құралған 100 адамдық команда ұлттық киімдерін киіп, тері шаңғыларымен тау беткейінен сырғанап түсіп, көрермендер алдынан салтанатты шерумен өтті.

Аталған шарада бұдан басқа да түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылған. Солардың ішінде 200-ден астам мектеп оқушысы қар шаңғы ойындарына арналған түрлі қойылымдар көрсетіп, ән айтып, би билеп жұрттың ерекше ықыласына бөленген.

Алтай қаласында 2018 жылдан бері қар шаңғы спорты сабағы мектеп бағдарламасына енгізілген болатын.

Айта кетейік, ерте кезде адамдардың күнделікті тіршілігіне қажетті көлік құралы болған, ал қазіргі күні қысқы спорттың негізгі түрі саналатын шаңғының алғаш пайда болған отаны қазақтар қоныстанған Алтай өлкесі екені осыдан біраз жыл бұрын әйгіленді.

Ғалымдар 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы шаңғы тебу бейнеленген жартас суретін зерттеп, оны біздің заманымыздан бұрынғы 10 мың жылдың алдындағы жәдігер ретінде мойындаған.

Осыдан кейін 2007 жылы «Алтай тауы ең байырғы қар шаңғысының мекені» деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Алтай қаласының іргесіндегі Ноғайты ауылында тұратын Сыламбек Сақашұлы байырғы қар шаңғысы материалдық мұрасының жалғастырушы, мұрагері ретінде танылған.

Ауылда Сыламбек ақсақал бастаған бір топ қар шаңғы жасау шеберлер тұрады. Сондықтан да бұл ауылға да тері шаңғының жасалу ерекшелігін көруге саяхатшылар арнайы атбасын бұрады.

Падишалардың портреттері аукционда сатылды- TRT

Шотландияда үйдің төбесінен табылған, неше ұрпақтан бері бір отбасының қолында болған Османлының бес падишасының портреттері 1 миллион 346 мың стерлинге сатылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ұлыбританияда Sotheby’s аукцион үйі коллекцияға 50-70 мың стерлин құн жариялаған болатын. 17-ғасырда салынған картиналардың шамамен бір ғасырдан бері жарыққа шықпағаны айтылды. Бұл жолғы аукционға Беязыт I, Мехмет I, Мұрат II және Беязыт II мен Кануни Сұлтан Сүлейманның портреттерімен қоса Ақсақ Темірдің картинасы да шығарылған» деп жазады TRT.

Қазақстан елшілігі елдегі жағдайға байланысты брифинг өткізді - KAZNEWS

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолияның жетекші БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, Қазақстандағы ағымдағы жағдай туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Іс-шара басында оқиғалар дамуының егжей-тегжейін көрсететін деректі бейнеролик көрсетілді. Елші Ж.Әділбаев Жаңаөзен қаласындағы бейбіт митингілерден бастап Алматы мен Қазақстанның басқа да қалаларындағы қайғылы оқиғаларға дейінгі оқиғалардың желісін егжей-тегжейлі айтып берді.

Ол лаңкестік топтардың еліміздің конституциялық құрылымына нұқсан келтіруге әрекеттенгенін, әкімшілік мекемелерге, полиция бөлімшелеріне, бейбіт тұрғындарға, соның ішінде медицина қызметкерлеріне, өрт сөндірушілер мен журналистерге жаппай қарулы шабуылдар жасағанын атап өтті.

Сондай-ақ қазақстандық дипломат төтенше жағдай режимі кезінде адам өліміне, қайғылы оқиғаларға және құқық бұзушылықтарға қатысты соңғы фактілерді келтірді. Ж.Әділбаев журналистердің назарын Құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері кейбір БАҚ бұрмалап көрсететіндей «бейбіт шерушілерге» емес, лаңкестерге қарсы тұрғанына аударды.

Қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысы Қазақстанның ҰҚШҰ-ға бітімгершілік контингентін жіберу туралы өтінішімен заңды түрде жүгінгенін, ол өз миссиясын сәтті орындап, тараптар өзара келіскендей Қазақстанның аумағынан кезең-кезеңімен шығарылғанын айтты.

Елші Премьер-Министр А.Смайылов бастаған Үкіметтің жаңа құрамы мен Мемлекет басшысының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық даму мен саяси реформаларды одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларына тоқталды.

Дипломат брифингке қатысушыларды қазақстандық-моңғол достық қарым-қатынастардың мызғымайтынына, сондай-ақ еліміздегі шетелдік инвестициялар мен дипломатиялық корпустың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетініне сендірді.

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі биыл Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арнайы жоспарланған барлық іс-шараларды жүзеге асыруға мүдделі екені жеткізілді.

Брифинг соңында журналистер Елшіге еліміздегі қалыптасқан жағдайлар мен тараптар арасындағы ынтымақтастық шаралары туралы сұрақтарға жауаптар алды» - деп жазды Kaznews.

Өзбекстанда ұшқышсыз басқарылатын аппараттар шығару жолға қойылды - ӨзА

Өзбекстанда заманауи технологиялар негізінде ұшқышсыз ұшатын аппараттар шығару жолға қойылды , деп жазады Өзбекстанның ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Қорғаныс өнеркәсібі мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, комитеттің жанынан ұшқышсыз ұшатын аппараттардың ғылыми-өндірістік орталығы құрылды. Орталық халықаралық техникалық талаптар мен стандарттарға толық жауап беретін «Лочин» (лашын) ұшқышсыз ұшатын аппараттарын шығаруды жолға қойды.

Екі мақсатқа арналған бұл ұлттық жоба Орталық Азиядағы алғаш рет Өзбекстанда әзірленіп, іске қосылған болып, мұндағы орталық ұшқышсыз ұшатын аппараттарды өндіруге, құрастыруға, жөндеуге және оларға техникалық қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар толық қамтылған.

Қорғаныс өнеркәсібі мемлекеттік комитеті орталықты жас кадрларды даярлау, жетекші шет мемлекеттерде тағылымдамадан өту және біліктілігін арттыру арқылы ұшқышсыз авиация саласындағы мамандармен толықтырып жатқаны айтылды.

«Ұлттық брендпен әзірленген ұшақ және квадрокоптер түріндегі «Лочин» ұшқышсыз ұшатын аппараты барлау, соққы беру, нақты уақыттағы бақылау, артиллериялық атысты басқару салаларында қоса алғанда ауыл шаруашылығы, мұнай және газ, орман шаруашылығы темір жол, геология, іздестіру, картография, топогеодезия, дақылдарды дефолиациялау, қорықтар, жолдар, әлеуметтік инфрақұрылым мен маңызды нысандарды бақылау және басқа да әртүрлі мақсаттарға пайдалану мүмкіндігіне ие», - деп жазады ӨзА ақпарат агенттігі.

Иран әлемдегі электр станция салатын 14 елдің қатарына кіреді - Фарс

Иранның Энергетика министрінің ғылыми-зерттеу саласындағы орынбасары Иранның электр станция салу тұрғысынан әлемдегі ең үлкен он төрт елдің бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Иранның Энергетика министрінің Ғылыми-зерттеу саласындағы орынбасары Анджам Шоаа: «Иранның электр қуаты саласында мамандардың талпыныстарымен үлкен қадамдар жасалып, 86 мың МВт-тан астам қуаты бар электр станциясы салынды. Электр тарату желілерінің ұзындығы - 54800 км. Энергетика министрлігі 54 миллиард текше метр су сақтайтын 715 бөгетпен бірге 30 мың шақырым су тасымалдайтын желілерді басқарады» деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар