Алтайда қасқырдың тіршілік болмысын көрсететін парк ашылды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда қасқырдың тіршілік болмысын көрсететін парк ашылды - «Алтай ақпарат» сайты


Қытайдың Алтай аймағының Шіңгіл ауданында «Қар-мұз спорт туризмі» фестивалінің аясында «Батыс-солтүстік қасқырлар паркі» ашылды, деп жазады altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, туризм мерекесін тамашалауға келген адамдар осы еркше тіршілік иесін жақыннан көріп, ол туралы соны мәліметтермен танысуға ерекше ынта танытқан. Өйткені, қасқырдың басқа аңдарға ұқсамайтын бөлекше қасиеттері көп. Ал парк Қытайдың жабайы жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесінің арнайы лицензиясымен ашылған. «Батыс-солтүстік қасқырлар паркінің» басшысы Гао Вэйдонгтің қасқырды қолға үйретуде көпжылдық тәжірибесі де бар екен.


«Қасқыр- мал шаруашылығымен айналысатын өлкедегі ең танымалы жабайы жануарлардың бірі. Әйтседе, қазіргі күні осындағы жергілікті тұрғындардың өзі қасқырды көздерімен көрмеген. Бұл аң туралы түсінік тек қолжетімді ақпараттармен ғана шектелген. Ал жергілікті тұрғындардың дәстүрлі шаруашылық мәдениетіндегі қасқыр туралы түсінігі де түрлі аңыздармен астасып жатады. Олар аталған жануарға аса қауіпті жыртқыш ретінде қарайды және қадірлейді», - дейді Гао Вэйдонг.


«Шіңгіл ауданындағы «Қасқыр паркінен» қасқырлардың бірнеше түрін көруге болады. Келушілер бұл аңды көруден бұрын «қасқырлар мұражайын» аралап, жабайы қасқырлардың түрлері мен таралуы туралы мағлұматтарға ие болады. Сондай-ақ, қасқыр тістері мен қасқыр тастарынан жасалған қолөнер бұйымдарды, қасқыр терісінен тігілген киімдерді көре аласыз. Жергілікті тұрғындар қасқырдың терісін 1-2 сағат бөстек қылып отырсаңыз, күні бойы денеңіз қызып жүретінін айтады», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Байыт Қабанұлының туындысы француз тілінде жарық көрді - KAZNEWS


Монғолиялық қандасымыз, ақын, жазушы Байыт Қабанұлының туындысы француз тілінде жарық көрді, деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Байыт Қабанұлының монғол тілінде жазылған «Анашым менің», «Кішкентай әлем», «Тор ішіндегі еркіндік», «Сыю туралы өлең», «Көктемнің қызғалдағы» қатарлы бес өлеңі француз тіліне аударылып, «Éditions Jentayu» журналында жарияланды. Аталған журналға Байыт Қабанұлынан басқа Монғолияның осы заман әдебиетіндегі ақын, жазушылардың таңдамалы туындылары да жарияланған», - деп жазады KAZNEWS.


Байыт Қабанұлы 1967 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. «Мен қазақ», «Ой кесте», «Таң нұры», «Жазира жаңалығы» атты жыр жинақтарының авторы.

Биотехнологиялық компания түйе шаруашылығымен айналысатын фермерлерге 6 темір тұлпар сыйлады - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


Шыңжаң Вангюань биотехнологиялық компаниясы Алтай аймағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын фермерлерді марапаттау жиналысын өткізді, деп хабарлайды Қытайдың kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл марапаттау шарасына Қытайдың Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданындағы 175 түйе шаруашылығымен айналысатын фермерлер қатысқан. Оның ішінде осы шаруашылығын жақсы дамытып, өркендеткен 71 түйешіге 1 миллион юаньнан асатын ынталандыру сыйлықтарын табыс еткен. Қазіргі уақытта Бурылтоғай ауданында 2200 адам түйе бағумен айналысады. Ауданда аталмыш малдың 20 мыңнан астам түлігі бар екен.


«Түйе сүтінің шипалық қасиеттері ертеден-ақ белгілі болған. Оның адам ағзасына сіңімділігі 98 пайызды құрайды. Дәрігерлер шұбатты тұрақты пайдаланған адамдар туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығын анықтаған. Асқазан ауыруларын да шұбатпен емдеу – өнімді нәтиже көрсеткен. Түйе сүтінің бұдан басқа да көптеген ауруларға ем болатыны дәлелденген. Осындай денсаулыққа пайдалы, нарықта үлкен сұранысқа ие түйе сүтінен өнімдерді өндіретін Wangyuan Group компаниясы 2019 жылы шаруашылықтардан 3000 тонна түйе сүтін сатып алған. Сондай-ақ, компания ауылды жерде түйе шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жеңілдетілген несие де беріп келеді. Олар соңғы жылдары 642 шаруаға 80 миллион юаньнан астам несие таратқан. Осы жолғы фермерлерді марапаттаудың 5-ші кезекті шарасында компания 6 түйешіге темір тұлпар мінгізді», - деп жазады CNR.

Ақпарат көзінің жазуынша, көлікке ие болғандардың бірі Өмірбек Мысырқанұлының қазіргі күні 100-ден астам түйесі бар екен.

«Түйе сүтін сатудан жылына 800 мың юаннан астам табыс табамын. Сонымен бірге жыл сайын осындай марапаттау шараларында жүлде алып тұрамын. Өткен жылы маған 80 мың юань берсе, биыл 90 мың юань және бағасы 100 мың юаннан асатын автокөлік мінгізді», - дейді Өмірбек Мысырқанұлы.


Сондай-ақ, Бурылтоғай ауданының 36 фермері 7 қаңтар күні Бейжіңдегі Халық сарайында өткен «Қытай түйе шаруашылығы индустриясының жетістіктері» көрмесіне қатысқан. Ал, Wangyuan Group компаниясы 15 фермерді Гуанчжоу, Гонконг, Макаоға және басқа да жерлерді аралатуды жоспарлап отыр.

Ұшқыш Бек Базылханұлы Ұланбатыр–Гонконг бағытына алғашқы рейсін сәтті жасады- KAZNEWS


«Моңғолияның Изинис Эйрвэйз компаниясының Әуе қозғалысын басқару орталығының басшысы, B737NG ұшағының екінші ұшқышы Бек Базылханұлы Ұланбатыр – Гонконг – Ұланбатыр бағытына ұшқан әуе көлігінің тізгінін ұстап, алғашқы рейсін сәтті жасап, «Шыңғыс хан» халықаралық әуежайына қонды. Әуе көлігінің тізгінін кәсіби түрде басқару – мансаптағы маңызды баспалдақ болмақ. Бек Базылханұлының алдағы қызметіне сәттілік тілейміз!», - деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.


Әлішер Науаидің «Фархад пен Шырыны» ағылшын тілінде жарық көрді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Түркі жұртының ұлы ақыны хәм шығыстың ойшыл данышпаны боп өмір кешіп, ғұмырының көп бөлігін әдебиет пен мәдениетке арнаған Әлішер Науаидің «Фархад пен Шырын» дастаны ағылшын тілінде жарық көрді, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Құнды шығарманы ағылшын тілінде сөйлеткен ақын, аудармашы Аъзам Обид. Бұл айтулы шығарма Түркияда жарық көріп, ағылшын тіліндегі нұсқаның құнарлы мазмұны мен көркемдігін Марк Рис пен Кейти Рут Дейвис тексерген. Ал Аъзам Обид Өзбек әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушы және бүгінгі күні өзбек әдебиетін әлемге танытуда үлкен жұмыс атқарып жүрген бірегей жан. Бірнеше шет тілдерін еркін меңгерген ақын бір жылдан бері «Шетелдік жазушылар мен суретшілер Өзбекстандағы резиденцияда» («UzLAB») атты халықаралық әдеби және мәдени шығармашылық туризм жобасын қолға алған. Мұндағы көзделген мақсат шетелдік қаламгерлердің басын қосып, өзбек даласының көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастыру. Осы саяхат барысында өзбек әдебиетінің үздік туындыларын шетелдік жазушылардың көмегімен аударма жасатуға, оларды шетелдерде баспадан шығаруға жол ашу», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында өткен тұсаукесерде, аудармашы «Фархад пен Шырыны» ағылшын тілінде үш мың тиражбен оқырманға жол тартқанын, сондай-ақ кітаптың бұданда көп санын Үндістанда баспадан шығару жоспарланғанын жеткізді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1 миллион 500 мың турист келген - ТРТ


Қазақстанның Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне өткен жылы 1 миллион 500 мың турист келді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында, аймақтың әлеуметтік, экономикалық және туризм саласындағы жетістіктері жөнінде мәлім еткен. Жалпы облыста 168 қонақ үй, 51 шипажай, 60 демалыс базасы қызмет көрсетеді. Экологиялық, тарихи-танымдық туризм бағытында 57 турист маршруты әзірленген. «Түркістан қаласында туристерге толық ақпарат ұсынатын «Визит орталықтың», «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығының», халықаралық әуежайдың, «Ясауи мұражайының» және т.б. нысандардың құрылысы жүргізілуде. 2019 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1,5 миллион адам келді. Осы көрсеткішті 2025 жылы 5 миллионға жеткізу жоспарланады», - деп жазады ТРТ.

Өзбекстанда білім жүйесі қайта реформаланып, ЖОО-ларда 3 жылдық бакалавр ашылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Олий Мажлис Сенаты мен Заң шығару палатасына жолдаған кезекті Үндеуінде білім саласына ерекше тоқталып, 2020-2021 жылғы оқу жылынан бастап мүлдем жаңа жүйе енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«2020/2021 жылғы оқу жылынан бастап білім саласы реформаланып, мүлдем жаңа кәсіптік білім беру жүйесі енгізіледі және ЖОО-да 3 жылдық бакалавр бағыты ашылады. Олар: Музыкалық білім, дене шынықтыру, технологиялық білім, әскерге дейінгі білім, бейнелеу өнері және инженерлік графика, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудегі дене шынықтыру және спорт саласындағы педагог мамандарын дайындау. Бұдан бөлек ЖОО-да мемлекеттік гранттар санын екі есеге арттырып, қыздар үшін арнайы гранттар бөлінбек. Ал, нақты мамандықтарға қатысы болмаған пәндер екі есеге қысқартылады», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.


Соңғы жаңалықтар