Алтайда атқа міну сабағы мектеп бағдарламасына енгізілді - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда атқа міну сабағы мектеп бағдарламасына енгізілді - «Алтай ақпарат» сайты

Қытайдың Алтай қаласындағы 10 мың жасөспірімге атқа мінуді үйрететін, ерекше спорт және дене шынықтыру сабағы өткізіле бастады, деп хабарлайды altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл атқа мінуді үйретіп, ат спорты өнеріне баулитын ерекше бағдарлама Алтай қаласындағы оқу жасындағы барлық мектеп оқушыларының сөзсіз оқитын міндетті сабағына айналған. «Алтайдың алтын қанды асыл тұқымды жылқы шаруашылығы» ЖШС-ның бас менеджерінің журналистерге берген мәліметінше, жылқы фермасы мен үкімет 10 жылдық оқыту туралы келісімге қол қойған. Олар осы жылдың өзінде 5 000 оқушыға ат спортының қыр-сырын үйретпек. Қазіргі күні ерекше бағдарлама бойынша оқытатын, жылқы шаруашылығы бойынша жоғары оқу орындарынан білім алған 25 оқытушы дайындалған. 2019 жылы Алтай аймағы әр күні 100 оқушының Ипподромға барып ат өнері сабағына қатынасуын жоспарлаған.

«Ат спорты сабағында оқушылар алдымен жылқылардың тіршілік ету ортасы мен жылқылардың жалпы сипаты және ат спорты өнері туралы жан-жақты мағлұматтармен танысады. Содан кейін атқа мінуді үйренеді. Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама оқушылардың күйзелісін жеңілдетіп, дене шынықтыру сабағына қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ, жастардың өзіне деген сенімділігін күшейтіп, ат үстінде тепе-теңдікті сақтай отырып, дене бітімінің шымыр, түзу өсуіне, ағзаны нығайтауға көмектесетін ерекшеліктері бар. Алтайдағы оқушылардың қысқы маусымда дене шынықтыру сабағы шаңғы тебу болса, жазғы маусымдағы дене шынықтыру сабағы ат спорты өнерін үйренумен толықты», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.

Адамның азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейтін қазақ халқы үшін жылқы түлігі қашанда ерекше маңызға ие болған. Қытайдағы Қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай аймағындағы төл мәдениетімізді ұлықтаған, қазақ еліне үлгі боларлық бұл жаңалығы көңілге қуаныш ұялатады.

Осы дереккөзінің жазуынша, ат спорты өнерін үйрену сабағында, оқушылар бұрын атқа мініп көрмеген соң, бастапқыда қорыққан. Кейіннен оқушылар аттың қасына барып, басынан сипап, жетелеп, мініп көріп үйірене бастайды. Осылайша Алтай жерінде өмір сүрген, ат жалында өскен аталарының жолын қуып, мәдениетін сақтап, жалғастырушы ұрпақтары төл мәдениетін қайта бойына дарытпақ ниетте. Қытай елінде мұндай өңірлік ерекшелікке ие міндетті курстарды үйрету дәстүрі қалыптасқан екен. Мысалы, Алтайда оқушыларға атқа міну сабағы оқытылса, Гуанчжоуда оқушылар «Сорпа жасауды», Хайнаньда суда жүзуді міндетті сабаққа енгізген.

Қазақстанда өндірілген 15 тонна печенье өнімдері Қытайға жеткізілді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қазақстанда өндірілген 15 тонна сапалы, дәмді печенье өнімдері Шыңжанның «Дулаты» өткізу пунктінен Қытай жеріне жеткізілді, өнімді Үрімжі қаласында саудаға шығармақ, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, осы жолғы Қазақстандық түрлі печенье өнімдерін импорт еткен «И хырұң» ЖШС тауарларды кеденнен еш қиындықсыз, жылдам рәсімдеп өткізгенін мәлім еткен. Олар алдағы уақыттарда «Дулаты» өткізу пункті арқылы тағы да Қазақстаннан түрлі кондитер өнімдерін және мақсары майы секілді азық-түлік тауарларын импорттауды жоспарлап отырғанын айтады.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасы уақытша жабылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Мемлекеттік шекара комитетінің мәліметінше, Өзбекстанның Қазақстанмен шекарасындағы «Яллама» (Өзбекстан) өткізу пүнктін кеңейту мақсатында, уақытша келер жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін жабылады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«1 қарашадан бастап «Яллама» (Өзбекстан), «Б.Қонысбаев» (Қазақстан) шекаралық өткізу пүнктінде, жаяу жүргіншілер, жеңіл автокөліктер мен 3,5 тоннаған дейінгі жүк тасымалдауға арналған көліктердің қатынауы, құрылыс жұмыстарының жүруіне байланысты 2020 жыдың бірінші жартысына дейін жабылатын болады. Осыған байланысты, Шекара комитеті тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдаушыларға, көлік құралдарының жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге уақытты үнемдеу және артық шығындардың сонымен келеңсіз жағдайлардың туындамауы үшін Өзбекстан-Қазақстан шекарасындағы басқа шекаралық өткізу пункттері арқылы жүрулерін сұрайды», - деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Бейжіңде Қытайдағы аз ұлттар әдебиетінің мәселелеріне арналған жиналыс өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытайдағы саны аз ұлттар әдебиетінің ағымдағы даму мәселелеріне арналған 6-шы кезекті жиыналыс Бейжіңде ашылды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Қазіргі күні Қытай жазушылар қоғамына 12 200 жазушы мүше. Олардың 464-і аз санды ұлт жазушылары. Арасында Қытайда тұратын 55 аз санды ұлттың барлығының жазушылар бар. Осы аз санды ұлт жазушыларының қаламынан талай таңдаулы әдеби туындылар өмірге келді. Бұл жазушылар Қытайдағы беделді «Лу Синь әдебиет сыйлығы», «Тұлпар сыйлығы» секілді көптеген марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, таңдаулы туындылар сараланып, «XXI ғасырдағы әдебиет жұлдызы», «Қытайдағы саны аз ұлттар әдебиетінің жұлдызы», «Жаңа дәуірдегі Қытай аз санды ұлт әдеби шығармаларынан таңдамалылар» сияқты жобалар аясында желілес кітаптарға еніп, мемлекеттің қаржысымен жарық көрді», - деп жазады People Daily.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, алқалы басқосуда аз санды ұлттар әдебиетінің ағымдағы даму мәселелері жан-жақты талқыланып, бүгінгі қоғамда жазушылардың шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуына мүмкіндіктер жасалып отырғаны айтылған. Жазушылардың жаңа шығармаларын жариялауға, оқырмандарға жылдам жеткізуге, Бейжіңдегі «Ұлттар әдебиеті» журналы және Қытайдағы 5 аз санды ұлттар тұратын автономиялы өлкелердегі әдеби журналдар өз үлесін қосып келе жатқаны баян етілген.

Уранның алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізілді - TRT

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Өскемен қаласында орналасқан Төмен байытылған уран банкіне материалдың алғашқы партиясы сақтау үшін жеткізілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі Өскемен қаласында орналасқан Төмен байытылған уран банкінде 90 метрикалық тонна уран гексафториді сақталатынын мәлімдеді.

«ТБУ-дың бұл қоры радиоактивті қалдық емес. Халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді» деп айтылды. Төмен байытылған ураннан тұратын алғашқы жүк «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен Францияның «Араноцикл» компаниясының ұйымдастыруымен Қазақстанға тасымалданды. Қазақстан Шығыс Қазақстан облысында төмен байытылған уран сақтау банкін құру келісіміне 2015 жылдың тамыз айында АҚХА-мен қол қойып, 2017 жылы қаңтарда жүзеге асырды», - деп жазады TRT.

Соңғы жаңалықтар