Алтайда атқа міну дене шынықтыру сабағына енгізілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Анкарада қазақ ақын-жазушыларының кітап жәрмеңкесі ашылды - TRT

Жәрмеңкенің қонақ елі – Қазақстан, қонақ жазушы – Әділ Ахметов. Бүгін Түркияның бас қаласы Анкарада Кітап жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңкенің қонақ елі – Қазақстан, қонақ жазушы – Әділ Ахметов, деп мәлімдейді Түркия радио телевизия порталы.

Аталған ақпарат көзінің келтірген деректеріне сүйенсек, Анкарадағы ATO Congresium көрме орталығында басталған шараға 300 -ден астам ірі баспалар, баспахана және жарнама агенттіктері қатысып отыр. Ұйымдастырушылар Анкара кітап жәрмеңкесіне келушілер саны биыл 350 мыңнан асады деп есептейді.

Анкара кітап жәрмеңкесі 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және жылына екі рет өтеді. Италия, Франция, Иран мен Ресей осы уақытқа дейін «Қонақ елдер» ретінде көрмеге қатысты. 16-шы Анкара кітап жәрмеңкесінің шетелдік құрметті авторы ретінде қазақ жазушысы, доктор, профессор Әділ Ахметов қатысады.

Іс -шара аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі арнайы кітап стендін ашты. Онда қазақ ақын -жазушыларының түрік тіліне аударылған шығармалары қойылды. Жалпы 100 -ден астам кітап қазақстандық стендте орын алады.

Кітап көрмесінде қазақ ақын -жазушыларының түрік тіліне аударылған жаңа кітаптары таныстырылады. Әсіресе профессор Әділ Ахметов, жазушы Нұрғали Ораз, белгілі жас ақын Бауыржан Қарағызұлы өздерінің жеке кітаптарын таныстырады.

«Көрме аясында күніне 2-3 сессия өтеді. Әсіресе 23 қазанда халықаралық құрметті автор профессор Әділ Ахметовтың «Колумбияға дейінгі американдық: үндістердің Алтайлық тегі» атты кітабы таныстырылады. А.Ахметов кітаптарына қолтаңба қалдырады. Белгілі автор доцент Кенан Коч пен Аябек Байниязовтың «Түрікше-қазақша, қазақша-түрікше сөздік» кітабын таныстырмақ. Қазақ жазушысы Нұрғали Ораздың түрік тіліне аударылған «Қазығұрт әңгімелері» кітабының тұсаукесері болады. Доктор, профессор Орхан Сойлемез, Аябек Байниязов және Шапағат Жалманов түрік тіліне аударған «Домбыра» кітабы да көпшілік назарына ұсынылады», деп түйіндейді Түркия радио телевизия порталы.

Баян-Өлгейде тоғызқұмалақтан ел біріншілігі өтеді - Kaznews

Биыл пандемияға байланысты көптеген спорт жарысы шегерілді. Енді 2022 жылы Баян-Өлгейліктерді түрлі спорттан зоналық және ел біріншілігі күтіп тұр.

Моңғолияның Дене шынықтыру, спорт басқармасы басшысының 2021 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығы бойынша 2022 жылы 37 спорт түрінен ел біріншілігі өтеді деп белгіленген.

Олардың арасында қазақтың ұлттық ойыны Тоғызқұмалақ бар. Келер жылы шілде айының 7 күні Тоғызқұмалақ ойынынан ел біріншілігі Баян-Өлгей аймағында өтпек.

Бұл ақпаратты осы аптада моңғолиялық Kaznews порталы жариялаған болатын.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылы Баян-Өлгей аймағында тоғызқұмалақ ойынынан Азия чемпионаты өткен болатын.

Рио-2016 Олимпиадасының жүлдегері 3 жылға шеттетілді - «ӨзА»

Дзюдодан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, Рио -2016 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Диёрбек Урозбаевтан алынған допинг-тесттен тыйым салынған зат табылды. Нәтижеде ол спорттық жарыстардан 3 жылға шеттетілді, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«ӨзА»-ның хабарлауынша, Диёрбек Урозбаев 2021 жылдың 6 мамырында маусымаралық кезеңде допингке қарсы тексеруден өткен.

«Тест нәтижесіне орай спортшының Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің және Өзбекстанның ұлттық допингке қарсы ережелерінің 2.1-бабында көрсетілген допингке қарсы ережелерді бұзғаны, яғни тыйым салынған «Meldonium» затын тұтынғаны анықталды. Бұл препарат тыйым салынған заттар тізімі – «S4 Гормондар мен метаболикалық модуляторлар» класына жатады», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Осы жағдайға байланысты Диёрбек Урозбаев 3 жылға спорттан шеттетілді. Шеттету 2021 жылдың 16 тамызынан 2024 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.

Алтайда атқа міну дене шынықтыру сабағына енгізілді - «Ағажай-Алтай» порталы

Алтай қаласындағы «Алтын қан» ат спорты алаңы толықтай ашылуға дайын. Жабық ипподромның құрылыс жұмыстары да аяқталған.

Мектеп оқушыларына ат спорты сабағын жүргізуге арналған жабық ипподромның жалпы құрылыс алаңы шамамен 1500 шаршы метрді құрайды. Оның айналасындағы стендтер мен қоршаулар орнатылды. Алаңның әрқайсысы бір мезгілде ат спорты сабағында 30 оқушыға арналған. Алтай қаласы 2019 жылы «атпен жүрген он мың жасөспірім» атты арнайы дене шынықтыру сыныбын ашқаннан бері 8500 атқа міну сабағы оқытылған, деп хабарлайды Қытайдың altxw.com ақпараттық порталы.

Айта кетейік, Алтай аймағы – дәстүрлі жылқы өсіру өңірі екені белгілі. Бұнда жылқы мәдениеті ежелден қалыптасқан, бұқаралық базасы да кең. Алтай қаласындағы бұл жаңадан ашылып жатқан ат спорты фермасына бұдан бұрын аттың қызықтарын тамашалау үшін «Ат үстіндегі он мың жасөспірім» атты арнайы спорттық курсы өткізілген.

Алтай қалалық «Алтын қан» ат спорты фермасының жауаптысы Чжоу Юнның айтуынша, Алтай қаласының бастауыш және орта мектеп оқушыларына жыл бойы арнайы спорттық курстар өткізуге қол жеткізу үшін Цзилинь провинциясы 2,6 млн. юань қаржылай көмек беріп, Алтай қаласында «Алтын қан» ат спорты курсының жабық стадионын салуға қол үшін созған. Соның арқасында, алтайлық оқушылар қыста шаңғы тебуге ғана емес, жабық ипподромда атқа міну мүмкіндігіне де ие болған.

Алтай қаласындағы «Алтын қан» ат спорты курсының оқу орындары жабық және ашық алаңдар деп бөлінеді. Келушілер жыл бойы жаттығулары үшін қолайлы орындарды таңдауға болады. Жабық алаңдар жаздағы қатты ыстық пен қыстағы суыққа төтеп бере алады. Ал, ашық алаңдар да спортшылар еркін жүреді. Соның арқасында оқытудың сапасы мен саны едәуір жақсарған.

«Мұнда қалада тұратын балалардың дене қуатының үздіксіз өсуі мен ілгерілеуіне ат спортының пайдасы ұшан теңіз. Жыл бойы өткізілген ат спорты сабақтарының арқасында балалардың денсаулығы мықты болады. Мінезі мен төзімділігі артады», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Асхат Оразбай: Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылуы мүше елдерге пайдалы болмақ - Parstoday

Бұндай тақырыптағы ақпарат осы аптада Ирандық Parstoday ақпараттық агенттігінде хабарланған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның Ирандағы елшісі Асхат Оразбай дүйсенбі күні IRNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болып кіргеніне байланысты аймақ елдерінің интеграциясы артатынына тоқталған.

«Иранның осы ұйымға қосылуы бүкіл аймаққа пайдалы. Иран - экономика тұрғысынан өте мықты ел. Иранның қосылуы Шанхай ұйымы аумағындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа жəне экономикалық бағдарламаларды орындауда өте əсерлі болады. Ұйымға мүше елдерде халық санының көптігін ескерсек, барлық елдерге жəне Иранның өзіне де пайдалы болады», - деген Қазақстанның Ирандағы елшісі.


Соңғы жаңалықтар