«Алтай» волейбол клубы қатарынан алтыншы рет ел кубогын ұтып алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Петропавл қаласындағы «Қуаныш» спорт кешенінде волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогының ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда осыған дейін қатарынан бес мәрте кубокты жеңіп алған Өскеменнің «Алтайы» мен Азия клубтық чемпионы «Қуаныш» (Петропавл) командасы бас жүлдені сарапқа салды.

Жаңа маусым қарсаңында қос команда құрамында біраз өзгерістер болды. «Алтайдың» тізгінін атақты ресейлік волейболшы Юрий Панченко алды. Ал сербиялық маман, Қазақстан құрамасының бас бапкері Дарко Добресков жаттықтыратын «Қуаныш» сапына да жаңадан ойыншылар келді.

Кубок үшін басты бәсекеде команда капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова бастаған өскемендіктер алғашқы екі партияда 25:15 есебімен оңай жеңді. Бұдан кейін қызылжарлықтар 25:21 есебімен есе қайырғанымен, төртінші сетте «Алтайды» тоқтата алмады – 18:25. Қорытынды есеп: 3:1 «Алтайдың» пайдасында.

Осылайша, өскемендіктер ел кубогын қатарынан алтыншы рет олжалады. «Қуаныш» алғаш рет күміспен күптелсе, соңғы жылдары «Алтайға» үнемі басты қарсылас болып келген Талдықорғанның «Жетісу» командасы бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтты.

Енді алда Ұлттық лига ойындары тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алтайдың» алты дүркін ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар