Алтай Көлгінов вакцина алатындар арасында ұтысқа 2 бөлмелі пәтер тікті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындары вакцина алу арқылы 2 бөлмелі пәтер ұтып алуы мүмкін. Мұндай жаңалықпен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирустың таралуын болдырмау және вакцинация жүргізу бойынша штаб отырысын өткіздім. Өз орынбасарларыма, басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне жетекшілік ететін салаларда вакцинациялаудың маңыздылығы мен қажеттілігін жоғары деңгейде түсіндіру үшін жекелеген жауапкершілік жүктелді. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қала халқының 60 пайыздан астамы вакцинациялануы қажет. Санитарлық дәрігерлер карантиндік қосымша шектеулер туралы жаңа қаулы дайындауда: қауіп-қатер тобы үшін вакцинация міндетті, вакцинацияланбаған қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру және тағы басқа талап етіледі. Қала тұрғындарын ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын енгізіп жатырмыз. Ал жаңадан вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатпақпыз (инвесторлар есебінен). Ұтыс ойынына қала емханаларында немесе СОО/СҮ пункттерінде екпе алған қала тұрғындарының бәрі қатыса алады», -деді қала басшысы.

Оның атап өтуінше. пәтер ұтысының ойынына осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижесі жарияланады.

«Конкурстың әділ өтуі және вакцинацияланғандарды толығымен қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты жұмылдырамыз. Айта кетейін, бұған дейін «MEGA Silk Way» СОО вакциналанғандар арасында автокөлік ұтыс ойыны өтетінін хабарлаған. Сол сияқты СОО/СҮ пункттерінде вакцинацияланғандар арасында компьютерлік және тұрмыстық техникалардың, iPhone смартфонының ұтыс ойындары ойнатылады. Соңғы күндері тұрғындардың вакцина алудағы белсенділігі қуантады. Қала тұрғындары осылайша өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастады әрі «Дельта» штаммының қаупін түсінді. Вакцинация – пандемиямен күрестегі жалғыз, тиімді әдіс!», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар