Алтай Көлгінов түлектерге білім грантын табыстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қала әкімі грантының иегерлеріне сертификат табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамандық таңдау - әр оқушы өміріндегі маңызды әрі жауапты қадам. Биыл әкімдіктен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге 861 грант бөлінді. Резидентурада дәрігерлерді оқытуға 300-ге жуық, педагогикалық мамандықтарға - 485 грант.

Аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар үшін бір жарым есе арттырдық. Грант ерекше қажеттілігі бар балаларға, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға бөлінді. Түлектер IT-технологиялар, стоматология, жалпы медицина, әлеуметтік жұмыс, инженер, электроника және энергетика, педагог, шет тілі, көлік қызметі және логистика, құқық, туризм және т. б. мамандықтар бойынша оқуға түсті», - деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram -дағы парақшасында.
Оның айтуынша, бұл көмек жоғары білім алу үшін айтарлықтай қолдау болмақ. Ол мемлекет жыл сайын мыңдаған грант бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша студенттер шетелдік білім алады.


«Күнделікті еңбектеніп, білім алу арқылы ғана табысқа қол жеткізуге болады. Барлық мамандық маңызды. Ең бастысы – еңбек ету.
Президент халыққа Жолдауында білім беру саласын маңызды бағыттардың бірі деп айтты. Оқу үшін қолайлы жағдай жасау, түрлі қызметтер алу үшін қалада жыл сайын балабақшалар, мектептер, медициналық орталықтар және басқа да маңызды нысандар салынып жатыр. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз.
Мектеп түлектерін - қазіргі студенттерді - ересек өміріңіздің сәтті басталуымен құттықтаймын! Денсаулық, бақыт және табыс тілеймін!», деді елорда әкімі.


Еске слаа кетсек, 25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің білім грантын иеленгендер тізімі жарияланған еді.


Соңғы жаңалықтар