Алтай Көлгінов: Шетелден келген жолаушыларды бірден медстационарға орналастырамыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бүгін өзінің Facebook-парақшасы арқылы жазба жариялап, қалада жарияланған карантин жағдайындағы шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласында карантин жарияланды. 22 наурыз күні сағат 00:00ден бастап елордаға кіріп-шығуға тыйым салынды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб жұмыс істеп жатыр», деп жазды, елорда басшысы.

Оның сөзінше, штаб өкілдері қазіргі таңда мынадай шараларды жүзеге асыруда:

- Шетелден келген барлық жолаушылар бірден медициналық стационарға орналастырылады. Медициналық қызметкерлер келген азаматтарды бірден сараптамадан өткізеді. Сараптаманың нәтижесінде денсаулығы қалыпты болған жағдайда ғана азаматтар қалаға кіре алады. Бұл шаралар тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет. ⠀

- Қалаға азық – түлік пен қажетті тауарларды тасымалдауға еш кедергі жоқ. «Жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейді. Жүргізушілер мен экспедиторлардың маскалары, тауарға ілеспе құжаттары, жеке куәліктері, техпаспорт сияқты құжаттары болуы тиіс. Қала әкімдігі тіркеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны іске қосты. Қосымша полиция қызметтерінің планшеттеріне жүктелді. Қосымшаға қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелерде (ЖЭО, коммуналдық қызметтер, ТЖД) жұмыс істейтін қызметкерлердің деректері жүктелді. Қызметкерлер жұмыстан үйге қатынай алады.⠀

- Санитарлық нормалар күшейтілді. Дезинфекция барлық әлеуметтік нысандарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, базарларда, тұрғын үй кешендерінің кіреберістерінде, қонақүйлерде, сондай-ақ аялдамаларда, автобустарда және т. б. жүргізіліп жатыр.⠀

- Дәмхана, мейрамхана, түнгі клуб, киім сататын дүкендер, балалар ойнайтын алаңдар, спорт орталығы сынды нысандар және т. б. жұмысын уақытша тоқтатты.⠀

«Азаматтарды үйден шықпауға, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз.⠀#Bizbirgemiz»,-делінген жазбада.


Соңғы жаңалықтар