Алтай Көлгінов пара алған аудан әкімі үшін отставкаға кете ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзіне тікелей бағынышты аудан әкімі Асқар Есіловтің жемқорлық қылмысы үшін отставкаға өтініш беруге міндетті емес. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол уақытта қала әкімінің отсавкаға кетуін көздейтін заңдағы өзгерістер қолданысқа енгізілмеген болатын. Сондықтан бұл тетік елорда әкімінің отставкаға өтініш беруі үшін қолданылмайды деп санаймыз», - деді Ерлан Сапаров.

Айта кетейік, «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелері 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілген. Оған сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынышты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш беруі тиіс.

Ал 2020 жылдың 17 ақпанында Есіл ауданы №2 аудандық сотының үкімімен Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының бұрынғы әкімі А.Есілов 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғаны және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін (ҚК 366-бабының 2-бөлігі) кінәлі деп танылды.


Соңғы жаңалықтар