Алтай Көлгінов өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов елорда әкімі болған кезде көпбалалы аналармен бір-ақ рет кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдері Үкімет басшысының орынбасарынан: «БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, сіз Астана қаласының әкімі болғанда көпбалалы аналармен бір-ақ рет кездесіпсіз. Қазір сіз Премьер-Министрдің орынбасары болдыңыз, әлеуметтік салаға жауап бересіз. Енді көпбалалы аналардың мәселесін шешуге арналған арнайы жоспарыңыз бар ма?» деп сұрады.

«Жалған ақпарат таратпаңыз. Бір-ақ рет кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен 3,5 жылдың ішінде жыл сайын бірнеше мың адаммен кездестім. Сізге әкімшіліктен нақты санды алып берейін. Ең бастысы, біз Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап, орындадық. Әкім болғанда көптеген қордаланған мәселені шештік. Бұл бір адамның жұмысы емес. Ол - көптеген мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы биліктің жұмысы», - деді вице-премьер.

Сонымен қатар ол көпбалалы аналармен кездесіп отыратынын атап өтті.

«Олармен әрқашан кездесіп отырамыз. Қоғамнан бір топтың мүшесін бөлуге болмайды деп санаймыз. Біз бәріне тең қараймыз. Мұқтаж азаматтар болса, мемлекет және жергілікті атқарушы орган, орталық мемлекеттік орган тарабы әрқашан көмектесуге дайын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар