Алтай Көлгінов: Қызметкердің жемқорлығы үшін бірінші басшы жауап береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «ANTIKOR» орталығында қала әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен қызметкердің сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту жөнінде онлайн кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарыстан кейінгі және дағдарысқа қарсы механизмдер бойынша бірқатар нақты бағдарламаларды жүзеге асырып келеміз. Сондай маңызды бағдарламалардың бірі - Жұмыспен қамтудың жол картасы. Қазір карантин уақытында көптеген адамдардың уақытша жұмыссыз қалуы мәселесі туындады. Бірнеше кәсіпорын уақытша тоқтатылды. Енді Жол картасы бойынша қаланы абаттандыру, жол жөндеу, саябақтар құру жұмыстарын жандандыруымыз керек. Бұл жұмыс ашық түрде өтуі тиіс», - деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, әкімдіктің бірнеше басқармасы, оның ішінде жұмыспен қамту, отын-энергетикалық ресурстар, сатып алу, құрылыс басқармалары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен меморандум орнатып, өз жұмысын ашық көрсетуі тиіс.

«Барлық процедуралардың ашық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Тағы да бірінші басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлер үшін жауапты екенін еске салғым келеді. Сонымен бірге, мердігерлерден де жауапкершілік алынбайды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері барлығын қадағалауы тиіс. Біз олардың жұмысын бақылап, кемшін тұстарын қоғамдық талқылауға шығарамыз. Біз атқарып жатқан жұмыс ең алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталуы керек», - деді елорда әкімі.


Соңғы жаңалықтар