Алтай Көлгінов көпбалалы ана мәртебесін өмірлік етіп бекіту ұсынысына жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының көпбалалы ана мәртебесін өмірлік етіп бекіту туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, қолданыстағы модель балалары бар отбасын әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді екенін көрсетеді. Бала кәмелетке толған немесе білім беру ұйымдарында оқуды бітірген кезде көпбалалы отбасына жәрдемақы төлеуді жалғастыру көп балалы отбасына жәрдемақы енгізу идеологиясына қайшы келеді және әлеуметтік тәуелділіктің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл ұсыныс кәмелетке толмаған бір-үш баласы бар және көпбалалы отбасы мәртебесі жоқ отбасыларға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке әкеледі. Осыған байланысты, балалары бар отбасыларды қолдаудың қолданыстағы тетігін сақтау орынды деп санаймыз.

Сондай-ақ, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Биылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. Осылайша, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тетігі әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде атаулы қолдауды уақтылы көрсетуге бағытталған», - деп жазады Алтай Көлгінов.

Үкімет басшысының орынбасары бұл бағыттағы шаралар халықаралық стандартқа да сәйкес екенін атап өткен.

«Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың толыққанды жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйенің ішінде жұмыс істейтін ата-аналардың құқығын қорғайтын шаралар кешені мен азаматтар өмірінің бүкіл кезеңін қамтитын жеңілдіктер мен жәрдеақылар жүйесі кіреді. Бұл қалыптасқан жүйе Халықаралық еңбек ұйымының талаптары мен Экономикалық әріптестік және даму ұймының базалық стандарттарына толықтай сай келеді», - деді ол депутаттық сауалған жолдаған жауабында.

Сондай-ақ жауапта елімізде баласы бар отбасыны өмірдің түрлі жағдайында қолдауға бағытталған түрлі жәрдемақылар мен жеңілдіктер жолға қойылғаны айтылған.

«Биыл мемлекеттік жәрдемақының 5 түріне республикалық бюджеттен, әлеуметтік төлемнің 2 түріне Әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,2 трлн теңге бөлінді. 1 мамырдағы жағдай бойынша аталмыш төлемдерді 1,5 млн адам алған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 11% көп», - деген вице-премьер 2024 жылы Ұлттық қордан балалардың шотына ақша аудару жобасы басталатынын еске салған.

«2020 жылдан бастап көпбалалықты ынталандыру және оларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін отбасындағы балалардың санына қарай сараланған мөлшерде мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді (4 баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 16,03 АЕК – 55 304 теңге, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК – 69 138 теңге, 6 баласы бар отбасылар үшін 24,05 АЕК – 82 973 теңге, 7 баламен 28,06 АЕК – 96 807 теңге, 8 және одан көп баладан – әр балаға 4 АЕК).

Айта кету керек, көпбалалы отбасы мәртебесі уақытша беріледі және үлкен баланың 18 жасқа толуына байланысты тоқтатылады. Ал ол күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа толғаннан кейін алынады». – деплінген жауапта.

А.Көлгінов мәліметі бойынша көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеудің қолданыстағы тетігі енгеннен бері оны алушылар саны 2,1 есе өскен. 2019 жылы 252,1 мың отбасы болса, 2023 жылы 540 мың отбасына дейін артқан.


Соңғы жаңалықтар