Алтай Көлгінов инвесторларды қалалық саябақтарды дамытуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов инвесторларды қалалық саябақтарды дамытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қаланы «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» тұжырымдамасына сәйкес дамытып жатырмыз. Елорда өмір сүру үшін де, таза ауада серуендеу үшін қолайлыболуы тиіс. Сенбі және жексенік күндері әріптестеріммен қала саябақтарын аралап шықтым. Қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, гүлзарлар) жағдай жасап жатырмыз. Жаяу жүргінші және велесипед жолдарын төсеп, спорт түрлерімен белсенді айналысу үшін алаңдар ашып жатырмыз. Балалар үшін ойын аймақтарын орнатып жатырмыз. Мұндай жұмыстар қаланың орамішілік аумақтарында да жүргізіліп жатыр», - деп жазды қала әкімі Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, әлі де атқарар іс жетіп артылады. Мәселен, елорда тұрғындары қалалық саябақта аттракциондар, аквапарк, жағажай, бассейн, көңіл көтеруге арналған түрлі аумақтар болғанын қалайды.

«Олардың санын арттырып қана қоймай, сапасын да жақсарта түсу қажет. Оның ішінде жеке инвестиция тарту есебінен де. Инвесторларымызды қалалық саябақтарды дамытуға қатысуға шақырамын. Сенімді басқаруға беруді де қарастыруға дайынбыз. Басты мақсат пен міндет - елорда тұрғындары мен қонақтарының таза ауада демалуына сапалы орын құру. Бұл орындар отбасының барлық мүшелерін өзіне тартатын орынға айналуы қажет», - деді ол.

Елорда әкімінің жазуынша, «жасыл белдеу» аумағында жол-соқпақ желісін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы аумақта скейтбординг, ролик, теннис, футбол алаңдары, балалар ойнайтын аумақ жасалады. Ал «жасыл белдеуге» жақын орналасқан ипподром базасы иппотерапия, спорттың ұлттық және классикалық түрлерін өткізу және дайындық, атпен серуендеу бағыттарында дамытылады.

«Әлемдік індет ішкі туризмге мұнан да зор назар аударымыз қажеттігін көрсетіп берді. Қалалық саябақтарды бірлесіп дамыту үшін инвесторларымызды шақырамын. Елордалықтарға және қалаға қажетті әрі қызықты жобаларға қолдау көрсетеміз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.


Соңғы жаңалықтар