Алтай Көлгінов елорданың су тасқыны кезеңіне дайындығын баян етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов көктемгі су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімдік арнайы штаб құрып, қар еру кезінде тасқынның алдын алу бойынша кешенді жоспарын бекітті. Су тасқыны болуы ықтимал 37 орын анықталды. Олардың жетеуі Алматы ауданында, он екісі Байқоңыр ауданында, он үші Есіл ауданы мен бесеуі Сарыарқа ауданында орналасқан. Әрқайсысы үшін жұмыс түрлері, қажетті материал мөлшері, қаржыландыру және жауапты орындаушылар бекітілді. Осыған байланысты барлық күш пен техника ең алдымен қарды шығаруға және қаланың арық жүйесін тазартуға бағытталды», - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысында.

Қала әкімінің айтуынша су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кешенді жұмыс жүргізілген. Оның ішінде «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, контррегулятор және тұрғын алаптарына ерекше көңіл бөлінуде.

«Гидротехникалық құрылыстардың дайындығы бойынша айтар болсақ, біріншіден министрліктер «Қазсушармен» бірлесіп, «Астана су қоймасының» жоспарлы кестесін бекітті. Наурыз айына дейін су қоймасына 230 млн текше бос көлем құру жоспарлануда. Екіншіден көктемгі су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту мақсатында әуежай маңындағы Майбалық көлінен Нұра, Есіл каналына дейін қолданыстағы каналдың су өткізу қабілеттігін арттыру жұмыстары басталды. Үшіншіден бүгінгі таңда Бейсеков көшесі мен көпірге дейінгі аралықта Есіл өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде», - деді шаһар басшысы.

Қала әкімі сонымен қатар төртіншіден барлық 16 тұрғын алапта қар шығару жұмыстары күшейтіліп, «Элита» тұрғын үй алабының шығыс жағындағы бөгет нығайтылғанын, Көктал-1 тұрғын үй алабында екі уақытша үймежал салынғанын, «Өндіріс» тұрғын алабындағы Сарыбұлақ арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Мемлекеттік материалдық резервтен арнайы қосымша техника алынды. Қаланың азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін 2020 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында қаланың коммуналдық қызметкерлері мен құқық қорғау қызметкерлері жасақталды. Атап айтқанда 663 адамнан тұратын жеке құрам, 185 техника, 14 жүзу құралы мен 67 мотопомпа, бір тікұшақ дайын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар