Алтай Көлгінов елорданы газдандыру қалай жүргізіліп жатқанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданы газдандандыру үш кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй алаптарына газ жеткізу құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде. Газ құбырының құрылысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Газдандыру 3 кезең бойынша жүзеге асырылады.

«Газдандыру - бұл қала мен жалпы ел үшін стратегиялық маңызды жоба. Қаланы қазірдің өзінде түтін басқаны байқалады, ол қоршаған ортаға және тұрғындарға зиян келтіретіні анық. Газдандыру қатты заттар 40 мың тоннаға, зиянды шығарындыларды 6 есеге азайтады. Келесі жылыту маусымында ЖЭО-1,2, Көктал-1,2, Агргородок, Промышленный, Железнодорожный, Оңтүстік-шығыс тұрғын алаптарындағы үйлер газбен жылытылады деп жоспарлап отырмыз», - деді Алтай Көлгінов.

Оның дерегінше, екінші кезеңде газ Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар ​​(1,2 іске қосу кешені), Тельман (3-ІҚК), Пригородный, Garden Village және Family Village (4-ІҚК) тұрғын алаптарына жеткізіледі. Үшінші кезеңде Үркер (1-2-ІҚК), Шұбар (3-ІҚК), Өндіріс (4-ІҚК) тұрғын алаптары газдандырылады. Іске асыру мерзімі - 2020-2023 жылдары.

Газ тарату желілері көшелер арқылы үй қоршауларына дейін тартылады. Қоршаудан үйге дейін газға жеке тұрғындардың өздері қосылатын болады. Әкімдік тұрғындарға есептегіш құралдарды тегін береді.

Соңғы жаңалықтар