Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды карантин шаралары мен санитария нормаларын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қосымша карантиндік шаралар мен шектеулерді енгізу қаланың қай «аймақта» орналасқанына байланысты. Қазір елорда «жасыл аймақта», бірақ соңғы күндері COVID-19 ауруының өсімі байқалады. Егер 19 қазанда 13 жағдай тіркелсе, 20 қазанда – 29, ал 21 қазанда 15 жағдай тіркелді. Динамика тұрақсыз.

Бірінші. Қазір COVID-19 індетінің алғашқы толқыны кезіндегідей ауруды ушықтырып алмау аса маңызды. Ол кезде ковид стационарларын бірінен соң бірін аштық, палатадағы төсек-орындар санаулы сағатта толып кететін. Босаңсуға болмайды, себебі вирус ешқайда кеткен жоқ, ол әлі бар.

Дәрігерлердің айтуынша, егер адам бір ауырып тұрса, бұл оның вирусқа қарсы иммунитеті бар деген сөз емес. Егер науқас коронавирусты бір рет жеңсе, бұл оның қауіпсіздікте екенін білдірмейді. Ғалымдар әлі күнге дейін коронавирустың қандай зардабы бар екенін анықтап жатыр.

Екінші. Қазір біз кейбір кафе, мейрамхана мен басқа да нысандардың карантинді бұзып, коронавирустың бейберекет таралуына жағдай жасап жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты біз рейдтер өткізуді күшейттік.

Үшінші. Біздің дәрігерлер тәжірибе жинады, медициналық мекемелер де дайын. Бірақ өзіңізге эксперимент жасау не керек. Төсек орындар қажет болған жағдайда, мыңдаған орынды дайындай аламыз. Дегенмен, барлығына бір мезгілде дәрігерлер жетпейді. Жабдықталған стационарлар медицина қызметкерлерінсіз пациенттерді емдей алмайды. COVID-19 індетімен байланысты осындай қауіпті жағдайда отпен ойнауға болмайды, «мен ауырмаймын» деп ойламаңыз – өзіңіз бен жақындарыңызды коронавирустан сақтаңыз. Ең әлсіз топ – егде жастағы адамдар, біз оларды қорғауымыз керек.

Инфекциямен күресу үшін біз медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықпен, дәрі-дәрмекпен, қорғаныш заттарымен қамтамасыз еттік. Соңғы апталарда қосымша 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппаратын (бұрын сатып алынғандармен бірге ӨЖЖ аппараттарының саны 434-ті құрайды), 2 компьютерлік томография аппаратын (қалада барлығы 19 КТ), өкпенің қанша процентке зақымданғанын көрсететін 7 цифрлық рентгенография жүйесін сатып алдық (Қалада барлығы 63 ренгтен). Бұған дейін медицина мекемелеріне оттегі концентраторлары, флоуметрлер мен тағы басқалар қойылды.

Жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі екі есе - 64 машинадан 130-ға дейін ұлғайтылды. Жедел жәрдем машиналарының тағы бір партиясына қосымша тапсырыс бердік. 1,5 мың медицина қызметкерінен резерв қалыптастырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Төртінші. Біз Еуропа елдеріндегі ірі қалалар карантинді күшейтіп жатқанын көріп отырмыз. Біз бірінші толқыннан сабақ алуымыз керек! Жазда әр отбасы дерлік коронавирусқа қатысты жағдайды бақылап қана қоймады: таныстары, әріптестері, достары, туыстары ауырды. Санитария нормаларын қатаң сақтап қана індеттің өршуіне жол бермеуге болады.

Медицина қызметкерлері сегіз ай бойы коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр. Біздің міндетіміз – дәрігерлерге жүктемені одан әрі көбейтпеу, жақындарымыз бен туыстарымызға жұқтырмау, өйткені ғылым науқастардың болашақта қандай салдарға тап болатынын әлі толық анықтаған жоқ. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!», - деп жазды Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар