Алтай Көлгінов елорда маңындағы ауыл тұрғындарымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов қаланың бірқатар шеткі аудандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы елорданың шеткі аудандарының проблемасын шешу - бірінші кезекте тұрған маңызды мәселе екенін айтты. Бұл аумақтардағы халықтың өмірін жақсартуға арналған жоспар бар және ол сәтті жүзеге асып келеді. Дегенмен, тұрғындармен кездесіп, сөйлесу барысында олардың күнделікті қажеттіліктеріне сай оны әлі де түзету қажеттігі туындап отыр», - деп жазады Алтай Көлгінов.

Қала әкімі ең алдымен Үркерге (Ильинка) ат басын бұрған. 20 мыңнан астам тұрғыны бар бұл аудан көп жылдан бері қордаланған проблемалардың шешімін күтіп жүр.

«Тұрғындар жыл сайын көктемде көшелер мен үйлерді су басу мәселесін көтерді. Анықтасақ, Үркерде кәріздің сорғы станциясы жұмыс істемейді екен. Соның салдарынан жергілікті балабақшаны да еріген қар суы басып қала береді.
Сонымен қатар, тұрғындар аудандық №69 мектеп-гимназиясындағы орын жетіспеушілігін де алға тартты. Бұл білім ордасы 1200 оқушыға есептелген болса, ал мұнда 2800 оқушы үш аусымда оқиды екен. Шатыр мен жылу жүйесін жөндеу қажет.
Тағы бір проблема - осындағы жалғыз емханада мамандардың жетіспеушілігі болып отыр. Көптеген медицина мамандарының бұл ауданда баспанасы жоқ болғандықтан қаладан қатынап істеуі қиындық тудырады», - дейді қала әкімі.

null

Бұдан кейін Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданына қарасты «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы халық саны 45 мыңнан асады.

«Ауыл халқы күрмеулі мәселелерін ортаға салды. Мәселен, Кемеңгерұлы көшесіндегі апаттық жағдайдағы №21 үйдің 15 пәтер иесі тек 2022 жылы ғана көшіріледі. Алайда олар үйдің апаттық жағдайының қиындағанын алға тартып, белгіленген сүру мерзіміне дейін шыдас берер-бермесін айтып, өз қауіптерін де жасырмады. Мұнда да тұрғындар көктемгі су деңгейінің көтеріліп, су басу жағдайларына шағымданды. Ауданның көпшілік аумағында әзірге жауын-шашындық, тазарту құрылғылары жоқ.
Ауданды қиылыстыратын теміржол өткелі де сын көтермейді. Малахов көшесіндегі әр 10-15 минут сайын жабылып отыратын өткелде үнемі машиналар ұзын-сонар шоғырға айналып, теміржолды кесіп өту үшін сағаттап тұрып қалады. Оған қоса жақын деген Герцен көшесіндегі аялдамаға бару үшін жергілікті тұрғындар теміржолды кесіп өтіп баруға мәжбүр екен», - дейді Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, тұрғындар автобус бағыттары мен қала орталығындағыдай жақсы аялдама павильондарының жетіспеушілігін де жеткізді.

null

Бұдан кейін шаһар басшысы 37 разъезд (мұнай базасы ауданы) тұрғындарымен де кездесті. Бұл аймақта тұратындар жанындағы мұнай сақтайтын база мен басқа да өндіріс орындарынан экологиялық қауіп төніп тұрғанын алға тартты. Қауіпсіздік жағы да тұрғындарды сары уайымға салып отыр. Тұрғындар қаланың қауіпсіз жерінен баспана беруін сұрады.

«Мәселені шешу жолдарын бірге қарастыратын боламыз» деді қала әкімі.

null

Соңғы жаңалықтар