Алтай Көлгінов астана жастарымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала жастарымен кездесіп, ұсыныс-идеяларын, мұң-мұқтажын тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан әкімі жастармен ашық аспан астында, «еркін микрофон» форматында кездесу өткізді.

«Елорда Жастары» астаналық бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Бүгін жастар ұйымдарының өкілдерімен, еріктілермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Олардың идеяларын бағдарлама тұжырымдамасына енгіземіз.
Жастар – еліміздің даму драйвері, пандемия кезінде олар коронавируспен күресуге зор үлес қосты. Арнайы оқытылған еріктілер блокпостарда кезекшілік атқарды, дезинфекция жұмыстарын жүргізді, дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарын тасымалдады. Зейнеткерлеріміз бен медицина қызметкерлеріне көмек көрсетуді жалғастырып жатыр», - деп жазды әкім Instagram-да.

Сондай-ақ А.Көлгінов Конституция күні қарсаңында Елбасы Н.Назарбаев және Президент Қ.Тоқаевтың атынан жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыстарының белсенді өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті.

«Келген әр адамның пікірін тыңдау біз үшін маңызды болды. Жастар тұрғын үй бағдарламасының мәселелерін көтерді. Биыл жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын жалғастырамыз. Сонымен бірге экология, волонтерлік жобаларды қолдау: түрлі тақырыптар мен салалар бойынша тегін курстарды өткізу, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау, спортпен шұғылдануға болатын спорт ғимараттары санын арттыру және т. б. мәселелер көтерілді.
Жастарымыздың қаланы дамытуға атсалысып жатқаны қуантады. Сұрақтардың басым бөлігі шешімін тапты, қалғандары бойынша тағы да кездесулер өткіземіз», - деді елорда басшысы.



Соңғы жаңалықтар