Алпамыс Шәрімов: Домбыра - ұлттық бренд, одан тренд жасауымыз керек

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осыдан тура бір жыл бұрын 27 маусымда Қазақстандағы алғашқы этно-модерн жанрындағы «Бастау» домбырашылар дуэтінің тұсауы кесілген болатын. Өнерпаз жұптың 1 жасы Ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Атаулы күн қарсаңында «ҚазАқпарат» тілшісі топқа жетекшілік етіп жүрген, продюсер Алпамыс Шәрімовпен сұхбаттасып, музыкалық дуэттің шығармашылық өміріне шолу жасаған болатын.

- Алпамыс Өскенбайұлы, «Бастау» домбырашылар тобы бүгінде ұлттық аспабымызды шетелге танытып, оның қоңыр үнімен талай құлақтың құрышын қандырып жүр. Өзіңіз жетекшілік етіп жүрген домбырашы жұптың мақсат-бағдары қандай?

- «Бастау» домбырашылар тобы қазақтың ұлттық домбырасын әлемдік аренаға паш ету жолында еңбек етіп жүрген, музыка әлемінде домбыраның  скрипкадай өзіндік орнын қалыптастырсақ деген ниетпен құрылған топ. Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз атты екі жігіт және мен продюсері  ретінде бірге бір жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұл жігіттер жай ғана орындаушы емес, өз жандарынан заманға сай жаңа күйлер шығарады. Қазақтың барлық күйлерін 100 пайызға біледі деп сеніммен айта аламын және оларды эстрадалық бағытта өңдеп, Қазақстан мен шетел сахналарында халыққа жеткізіп жүр.  

Екеуі де Қазақ ұлттық өнер универсиетінің студенттері. Жігіттерге университет ректоры  Айман Қожабекқызы Мұсақожаева дем беріп, қолдап отыр. Өнерлі жастар бос уақытында университет қабырғасында шығармашылық жұмыстарымен айналысады.
null

- Музыкалық дуэттің өз бағытын айқындап, өнерге «Бастау» болып қадам басқанына міне, бір жыл толды. Осы уақыт ішінде қандай жетістікке жетті? Халық арасында қаншалықты танымалдылыққа ие бола алды?

- «Бастау» домбырашылар тобы Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшілігімен бірге Астана қаласында жеке концерттік кеш ұйымдастырды. Алматыда өтетін дәстүрлі «Гәкку» фестивалінде ең  алғашқы домбырашы топ ретінде өнерін көрсетті. Бүгінде «Бастау» домбырашылар тобы - еліміздегі көптеген атаулы мерекелік шаралардың, отандық телеарналар мен радиобағдарламалардың тұрақты қонағы. Отандық эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп, Қазақстанның көптеген қалалары мен елді мекендерінде жеке күй кешін өткізіп тұрады.

Шетелге келетін болсақ, биыл наурыз айында Латвия астанасы Ригада өткен «Еуропа музыкалық аспаптар» байқауының бас жүлдесін иеленіп, Голливудқа жолдама алдық. Бұйырса, шілде айында жолға шығамыз.

Мамыр айында Израиль елі, Иерусалимде өткен «Әлем музыкасы» халықаралық музыка фестивалінде бас жүлдеге ие болдық. Бұл сайыста қазылар алқасының құрамында болған Нобель сыйлығы комитетінің мүшесі швециялық Михаил Казиник, Нью Йорктегі атақты «Метрополитен опера» театрының бас солисі Михаил Светлов, израильдік танымал композитор Вячеслав Ганелин «Бастау» дуэтінің өнеріне ерекше таңданыстарын жеткізді.

null

Сонымен қатар «Бастау» тобы Түркияда өткен BRIDE TV телеарнасының музыкалық фестивалінде «Ең үздік музыкалық топ» деген арна марапатын иеленді. Әйгілі телеарна сахнасында олар қазақтың домбырасын қолға алып,  әлемдік жұлдыздармен қатар өнер көрсетті.

Бұл бағындырған белесіміз кеткен уақыттың құнына татиды деп ойлаймын. Жігіттер домбыраның құдіретімен үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Бастысы, топ өз тыңдармандарын тапты. Қазақстанның әр аймағынан, тіпті шетелден жанкүйерлері бар. Олар әлеуметтік желілерде жанкүйерлік парақша ашумен ғана шектелмейді, топтың мерекелік шараларына атсалысып, әртістердің туған күндерінде тосын сыйлар ұйымдастырады.

Еуропаның Жасмин есімді танымал дизаинері біздің жігіттердің өнеріне тәнті болып, домбырамен шырқаған күйін сүйсіне тыңдады. Оларға өзінің киімін ұсынып, стилін қалыптастыруда қолдауын көрсетіп жатыр. Тіпті дизайнер 1 шілдеде ұлттық домбыра күні аталып өтілетінін естіп, Астанаға келе жатыр.

- Домбыра дегенде айтыс өнері немесе дәстүрлі әнші-күйшілер ойға келеді. Домбыраны төрге іліп қоюдан бөлек, келіннің бетін ашатын аспап ретінде танимыз. Жастардың назарын ұлттық аспапқа қалай аударуға болады? Домбыраның үні қайткенде жаңғырады?

- Елбасының Жарлығымен бекітілген, Ұлттық домбыра күні қайта жаңғыру жолындағы алғашқы қадам дер едім. Осыдан кейін ұлттық өнеріміз биік деңгейге шығады. Осы жолда тер төгіп жүрген Болат Мажағұлов секілді ағаларымыз бар. Домбырашылармызды төрге шығарып, басынан сипап жүрген осындай азаматтардың барында өнеріміз өлмейді.

Бізде шетелді мойындатып келіп, өз елімізде танылатын қағида қалыптасқан . Біз рок пен джазды айтып әлемді мойындата алмаймыз. Шетелді ұлттық өнерімізбен ғана таңқалдыра аламыз. Себебі Батыс мойындатқан дүниелерді өздерінен артық ешкім қайталай алмайды. Ал қазақтың домбырасын қазақтан асып ешкім тарта алмайды. Тек оны заман талабына сай бейімдеу керек. Бейімдеу дегеніміз - әуенге жаңа ноталар қосып, заман ағымына сай етіп жаңарту.

Домбыраны ұлттық киімде, баста бөрік киіп ойнау керек деген стереотип қалыптасқан. Олай емес, Dolce Gabanna, Versaceнің киімін, Louis Vuitton туфлиін киіп отырып та домбырада ойнауға болады. Тренд пен стильді қосу керек.

Мәселен, шетелде BRIDE TV арнасының премиясы кезінде «Бастау» тобы сахнаға Жасминның киімдерімен заманауи стильде, домбыра күйіне клуб музыкасын араластырып ремикс түрінде орындап шықты.  Сол кезде халық назар аударды, келіп ризашылығын білдірді. Тіпті украиналық  Estradarada тобы дуэт жазуға ұсыныс білдірді. Оны да жаздық. Жақында жарық көреді.
null

- Қазір эстрадамызда «Q-pop»  бағытындағы музыкалық топтар танымалдылыққа ие. Демек олар «трендте». Брендке айналған домбырадан тренд жасап, ұлттық құндылықты жойып алмаймыз ба? 

- Тренд керек. Домбыра - бабадан қалған мұра. Бірақ жоғарыда айтқан стереотиппен қалып қоюға болмайды. Әр ұрпақ өз жаңғыруын жасайды. Мен Бастаудың жігіттеріне әзілдеп айтамын,

«Тыңдағанша «Q-popты»

Тыңдатамыз күй-попты  »,-деп. Музыкалық жанр көп. Әрқайсысының өз тыңдарманы бар .Трендке айналған «Q-popты» қазақтың домбырасына салуға болады. Осы стильде ән айтатын әртістермен бірге домбырамен композиция жазсақ, жастар тыңдайды. Домбыраға өзіндік бояу бере білу керек.  Бәрін айт та бірін айт, мен сізге бір шындықты айтайын - кез келген қазақты қасыңызға  отырғызып қойып домбыра тартыңызшы. Делебесі қозып, «орыстанып кеткен» қазақтың өзінің жүрек түкпірігндегі махаббаты оянады.

- Бір жылдықты қалай тойлағалы жатырсыздар? Қандай жоспарлар бар?

- Жанкүйерлік клуб мүшелері әр түрлі мерекелік шараларды дайындап жатқан болуы керек. Бірақ біз жақында Голливудқа іссапармен аттанамыз. Жігіттер шетелде өнер көрсетеді. Алдағы уақытта клип те, концертте бола жатар. Бәрі уақыттың еншісінде!

- Сапарларыңыз сәтті болсын! Олжалы оралыңыздар!
null
null

Соңғы жаңалықтар