Алмазбек Атамбаевтың үйінен түрлі қару-жарақтар табылды

None
None
БІШКЕК. КАБАР – ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінен түрлі қару-жарақтар мен жарылғыш заттар табылды, деп хабарлайды Кабар.

Агенттіктің Қырғыз ІІМ сілтеме жасаған хабарламасында, Атамбаевтың үйінен Драгунов снайпердік винтовкасы (СВД), Симонов өздігімен зарядталатын карабин (СКС), пистолет-пулемёт құрылымындағы пистолет «Капрал» т.б. қару-жарақ түрлері тәркіленген. Барлығы 11 бірлік жарылғыш және жанатын қару табылды.

Қазіргі кезде экс-президенттің үйінен табылған қару-жарақтарға криминалистикалық сараптамалар жасалуда.

Еске салайық, 8 тамыз күні кешқұрым Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі Атамбаевтың ұсталғанын ресми хабарлаған болатын.

7 тамыз күні А.Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде атыс болды. Арнайы операция салдарынан Бішкек қаласы мен Шу облыстық біріккен ауруханаларына түрлі жарақатпен 45 адам түсті. Шу облыстық Ішкі істер бас басқармасының басшысы Самат Құрманқұлов ауыр халде жатыр. Арнайы жасақ құрамындағы бір адам көз жұмды.

Мәлім етілгендей, құқыққорғау органдары тарапынан азаматтарға қатысты атыс қаруы қолданылған жоқ. Қару А.Атамбаевтың жақтастары тарапынан атылған.

Атамбаевтың үйінде болған оқиғалардан кейін Қырғызстанның Бас прокуратурасы «Жаппай тәртіпсіздіктер», «Бұзақылық», «Адам өлтіру», «Адамды кепілге алу» баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді. Дегенмен, ел астанасындағы жағдай тұрақты екені атап өтілді. Айта кетсек, 8 тамызда Қырғызстанға Шолпан атада өтетін ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары кездесуіне (9 тамыз) ресми делегациялар келе бастады. «Елдегі оқиғаларға қарамастан, Еуразия үкіметаралық кеңесі белгіленген уақытында өтеді», - деп мәлімдеді Қырғыз Республикасы премьер-министрінің баспасөз хатшысы Әділет Сұлтаналиев.

Сондай-ақ 8 тамызда Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысы өтіп, онда ел президенті Сооронбай Жээнбеков билік «халықтың бөлінуіне, тұрақсыздықтың орнауына жол бермейтінін» мәлім етті.

«Атамбаевтың тарабы атыс қаруын қолданғанына қарамастан, арнайы күштер атыс патрондарын пайдаланған жоқ», - деді ол.

«Егер кешегі күнге дейін Атамбаевты тергеуге куәгер ретінде шақырса, енді оған аса ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде қарайтын болады», - деді Жээнбеков.

Бұдан бөлек, парламент отырысында депутат Мыктыбек Абдылдаев Атамбаевтың үйіне шабуыл жасау кезінде тұтқынға алынған арнайы жасақ қызметкерлері босатылғанын хабарлады.

Айта кетсек, бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Атамбаевқа қатысты депутаттар тарапынан тағылған айыптарды зерттеу бойынша арнайы депутаттық комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде оған 6 эпизод бойынша айып тағу шешімі қабылданды. Алайда Бас прокуратура комиссияның жұмысын заң тұрғысынан бағалай келе, тек бес эпизодты қалдырды.

Соңғы жаңалықтар