Алмаз Шарман пандемиядан кейінгі әлем зерттеушілерінің болжамдарын атады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман әлем ғалымдарының коронавирус пандемиясы туралы болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмаз Шарман пандемия басталғаннан бері Джонс Хопкинс, Вашингтон, Оксфорд, Стэнфорд университеттерінің жетекші сарапшыларымен, сондай-ақ Жапония, Жаңа Зеландия, Сингапур, Корея, Швеция сияқты елдердің мамандарымен COVID-19 алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы 20-ға жуық сұхбат өткізді.

Әлем ғалымдарының болжамы бойынша, бір млн тұрғынға шаққанда, сегіз адам қайтыс болса локдаун (карантин) енгізу ұсынылады.

«Вашингтон университетінің ғалымы Крис Мюррейдің айтуынша, ұжымдық иммунитетің қалыптасуы - бұл вирустың адамнан адамға жұғуын төмендетеді. Соған қарамастан, көптеген сарапшылар коронавирус пандемиясы 2021 жылдың екінші жартысында вакцинацияның арқасында аяқталуы керек деп санайды», - деді Алмаз Шарман.

Сонымен қатар, профессор коронавирус - адам ағзасындағы қылтамырларға әсер етуі мүмкін жүйелік ауру екенін атап өтті.

«Ливерпульдегі тропикалық медицина мектебінің профессоры Пол Гарнер коронавируста ең осал топ ретінде қант диабеті, гипертония, семіздік сияқты созылмалы аурулардан зардап шегетін науқастар мен қарт кісілерді атады. Коронавирустан қайтыс болған науқастардың 90% -ы осындай ауруларға шалдыққан. Сондықтан мұндай ауруларды емдеу және алдын алу өте маңызды. Ол үшін қозғалыс белсенді болып, дұрыс тамақтанып, жақсы тынығу қажет», - деді ол.

Алмаз Шарман дер кезінде инфекцияның алдын алып, сол арқылы экономикасына зиян келтірмеген бірқатар елді атады.

«Мысалы Оңтүстік Корея, Тайван және Жаңа Зеландияны алар болсақ, бұл елдерде вирус күнделікті өмірді қатты өзгерткен жоқ. Оларда жұқтыру мен өлім деңгейі едәуір төмен. Ал, Жапония локдаун енгізген алғашқы мемлекет болды. Эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтаудың арқасында бұл елдердің экономикасы мен әлеуметтік өмірі онша зардап шеккен жоқ. Бұл елдерде үкімет пен дәрігерлерге сенім артты. Сондай-ақ Шығыс Азия елдерінде маска тағып жүру дәстүрге айналған», - деді профессор.

Сонымен қатар, ол грек-америкалық әлеуметтанушы, биолог және танымал дәрігер Николас Кристакис ұсынған пандемиядан кейінгі оптимистік болжамдардың үш кезеңін атады.

Бірінші кезең – маска тағу, әлеуметтік қашықты сақтау, жабық кеңседе жұмыс істемеу. Сондай-ақ оған қолжетімді вакцина мен ұжымдық иммунитеті қалыптастыру кіреді.

Екінші кезең - 2022-2024 жылдары эпидемиологиялық, биологиялық, әлеуметтік және экономикалық сала қалпына келтіріледі. Көптеген адамдар денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы зардап шегеді және медициналық көмекке мұқтаж болады.

«Үшінші кезең - 2024 жылдан кейін қайта жаңғыру басталады. Адамдар қалыпты өмірге оралады. Яғни, қоғамдық орындарға, мәдени және басқа да іс-шараларға бара алады. Экономика, кәсіпкерлік, ғылым мен мәдениет қайта дамиды», - деп толықтырды профессор Алмаз Шарман.


Соңғы жаңалықтар