Алматының тіршілігі қалыпты жағдайға оралуда - Бақытжан Сағынтаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада жағдайды тұрақтандыруға және тәртіп орнатуға ықпал еткені үшін қала тұрғындарына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Президенттің батыл іс-қимылы мен шешімі елдің күйреуінің алдын алуға септігін тигізгенін айтты.

«Біз қазақстандықтардың қиын кезеңде ұйымшыл болып, жұмылған жұдырықтай әрекет ете алатынына тағы да көз жеткіздік. Алматылықтарға тәртіпсіздік кезінде көрсеткен сабырлылық пен батылдық және бізге көрсеткен көмектеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді қала әкімі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Қаланың барлық қызметтері антитеррористік орталықпен тығыз қарым-қатынаста. Барлық мәселелер келісілген түрде шешілуде және қала біртіндеп қалыпты жағдайға оралуда.

Қаланың барлық аудандарында тазалық жұмыстары жүргізілуде. Көшелерден 200 тоннадан астам қоқыс, аулалардан мың тоннадан астам ҚТҚ шығарылды. Коммуналдық қызметтер әскери қызметшілер залалсыздандырған аумақтарға кіреді. Құқық қорғау органдары қаланы тазартуды жалғастыруда. Бұл күндері қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі үзіліссіз жұмыс істеді. Халықты сумен жабдықтау, кәріз, газбен жабдықтау, жылу қызметтерімен қамтамасыз ету штаттық режимде жүргізіледі.

Қаланың азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 80-ге жуық супермаркет, үш ірі азық-түлік базары, 70-ке жуық ЖҚС, 111 дәріхана жұмыс істей бастады, олардың үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Автогаз бағасы литріне 70 теңгеге дейін төмендеді.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев төтенше жағдай режимінің талаптарын мүлтіксіз сақтау және коменданттық сағатты бұзбау қажеттігін еске салды.

«Қабылданып жатқан шаралар қала өмірін біртіндеп қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Бізден тек сабырлық, шыдамдылық пен түсіністік қажет», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар