Алматының тау бөктерінде тағы өрт тұтанды: Бір адамның мәйіті табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Көктөбе бөктерінде болған өрттің төменгі тұсында тағы бір ошақ тұтанды. Құтқарушылар бір адамның мәйітін тапты. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта бірінші өрттен төменгі жақта, Диваев көшесі бойымен шатқал арқылы өткенде 21-үйге қарсы бетте, шамамен 1 мың шаршы метр аумақта құрғақ шөптің өртенуінің екінші жағдайы тіркелді. Тілсіз жаумен күрес барысында белгісіз адамның денесі табылды. Оның жынысы мен тұлғасы анықталуда. Екі өрттің бір-біріне байланысы жоқ. Соны сөндіруге ауыстық. Жұмыстар жерден жүргізілуде. Себебі түнгі уақытта авиация жұмыс істей алмайды», - деп жазды ол Facebook-та.

Еске салайық, бұған дейін құтқарушылар Көктөбенің бөктерінде тұтанған өртпен арпалысқан еді. Төтенше жағдайды жоюға екі тікұшақ жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖД-ның 42 адамы мен 9 техникасы, «Алматы Тазалық» МКК-ның – екі және Алматы қалалық Құтқару қызметінің бір суару техникасы жұмыс істеді.


ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов жалын сағат 19.58-де толығымен өшірілгенін мәлім еткен болатын. Ал Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров өрттің жеке секторға ауысуының алды алынғанын, департаменттің жеке құрамы кезекшілік атқару үшін оқиға орнында қалатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар