Алматының шеткі шағынаудандарында инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысы жалғасуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың жаңа ықшамаудандарында салынып жатқан инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалаға жаңадан қосылған кенттердің тұрғындары, бірнеше жылдан бері коммуналдық-тұрмыстық жағдайдың жақсаруын күтті. Қала тұрғындарының өтініштерін ескеріп, өткен жылы шет аймақтарды дамытуға бағытталған «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын әзірледік», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram – дағы парақшасында.

Кешенді жоспардағы міндеттердің қалай іске асып жатқанын қала әкімі Түрксіб ауданына жасаған жұмыс сапары барысында көрді. «Қайрат», «Әлмерек» пен « Нұршашқан» ықшамаудандарында жыл соңына дейін 150 шақырымнан астам сумен қамту және суды бұру желілерін салу жоспарланған. Сапалы ауыз сумен 12 мың тұрғын қамтамасыз етіледі. Желілер төселгеннен кейін жол жамылғысы да ретке келтіріледі.


Бұдан бөлек, « Әлмерек», «Қайрат», «Маяк», «Жас Қанат», төменгі Пятилетка, «Нұршашқан» сияқты алты ықшамаудандағы 614 көшеге сыртқы жарық жүйелері орнатылады.


«Аудандағы 12 көшедегі 9,3 шақырым болатын жол орташа жөндеуден өткен. 2021 жылы «Нұршашқан» ықшамауданындағы 25 көшеде 5,1 шақырымға жететін жаңа жол салу жоспарлануда. Қала тұрғындарының өмір сүру ортасын жақсарту жұмыстары жалғасуда», - деп атап өтті мегаполис басшысы.


Соңғы жаңалықтар