Алматының шеткі аудандарында бірнеше емхана құрылысы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының шеткі аудандарында бірнеше емхананың құрылысы басталды. Бұл туралы Алматының Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев онлайн брифингі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы үшін операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын салу және «Кемел», «Нұршашқан», «Думан», «Қарасу», «Саялы» шағын аудандарында және Айбасов көшесінде орналасқан отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарланған»,-деді спикер.

Сонымен қатар, ол қазір жылына 80 мың науқасты қабылдайтын № 7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесін жапсарлас салу жүргізіліп жатқанын айтты. Оған қоса № 6 қалалық емхананы және ауданаралық туберкулез диспансерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

«Сондай-ақ, Алатау ауданының «Трудовик» шағынауданында арнайы тұрғылықты жері жоқ тұлғаларға арналған жедел әлеуметтік көмек пунктінің құрылысы басталады, тағы №11 қалалық емхана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр»,- деді Сапар Нұрашев.

Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтауға ерекше көңіл бөлінеді, заманауи медициналық-технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, халыққа дәрігерлік көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс атқарылуда.

«2020 жылы қалада 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталған, бұл бір мыңнан астам төсек-орын, атап айтқанда 280 және 300 төсектік модульді ауруханалар, Патологоанатомиялық бюро, Дегдар көшесінде орналасқан 500 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы, № 4 перзентхана корпусына қосымша құрылыс»,- деп толықтырды ол.


Соңғы жаңалықтар