Алматының ортасында сусыз отырған 15 отбасының мәселесі шешілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының орталығында тұрса да өркениет игілігінен қағылған 15 отбасының мұңын тыңдауға бүгін Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы әкім Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Алматы қаласы әкімінің @sagintayev.b тапсырмасына сәйкес Баишев көшесінің тұрғындарымен кездестім. 14 үйдің тұрғындарынан шағым түсті. Тұрғындар «Баишев көшесіндегі су құбыры желілерін жөндеу» жобасынан тыс қалған. Ал тапсырыс беруші «Алматы су» және мердігер «Колсай Строй» ЖШС көшенің бір бөлігі «Алматы су» балансында жоқ болғандықтан, оларды жобаға енгізбеген. Қазіргі су құбыры 1960 жылы салынған және апатты жағдайда. Осыған байланысты ұзындығы 350 метр болатын 14 үйдің тұрғындарына су құбырын өткізу туралы шешім қабылданды. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл 10 тамызда басталады. Жұмыс 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс», - деді Мақсат Қиқымов.

Айта кету керек, Баишев көшесінің тұйықталған бөлігіндегі 15 үйдің тұрғындары БАҚ өкілдерін шақырып, шағым айтқан болатын.

Тұрғындар 5 жылдан бері барлық инстанциялардың табалдырығын тоздырып шаршаған.

130 метрге созылған көшеде су құбыры апатты жағдайда, асфальт төселмеген.


Соңғы жаңалықтар