Алматының негізгі капиталына тартылған инвестиция 608 млрд теңгеге жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде 2020 жылы пайдалануға берілетін инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы 9 айда мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 608,2 млрд теңгені құрады, физикалық көлем индексі - 112,6%. Өткен жылдың осы кезеңінде тартылған инвестиция көлемі 534,6 млрд теңге болатын.

Жыл басынан бері 179 млрд теңгенің 34 жобасы іске асты. Оның ішінде 130,7 млрд теңгеге 19 жастар тұрғын үй және өңдеу өнеркәсібінде 32,6 млрд теңгенің 7 жобасы бар. Сонымен қатар, автокөліктер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты, қағаз өнімдерін өндіретін «Papirone», май өнімдерін шығаратын «Маслодел», автоматты қақпалар жасайтын «DoorHan», «Бротмастер», «Samruk Group», «Ala Estate» өндірістік парктері құрылды.

Әлеуметтік маңызы бар 3 нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, TAMOS & Prestige мектебі, Ш.Уәлиханов атындағы халықаралық мектеп, SEN көпсалалы музыка орталығы. Сондай-ақ, сауда және халыққа қызмет көрсету саласында 5 нысан салынды.

Жыл соңына дейін жалпы құны 454,3 млрд теңгені құрайтын 82 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Сонымен қатар, желтоқсанның соңына дейін сауда және қызмет көрсету саласында 82 жоба жүзеге асады. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға беріледі.

Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 900 млрд теңге деңгейінде, физикалық көлемінің индексі – 107% деп болжануда.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жоспарланған индикаторларды орындау үшін инвестициялық жобалардың іске асыру барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар